Бүгін: 15.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Он жыл бұрын, дәлірек айтқанда 2014 жылдың 8 тамызынан бастап Саран қаласында «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істей бастады. Бүгінде орталық өзіне жүктелген қызметті абыройлы атқарып, тың жобалармен көзге түсуде.

Қаламызда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасына сәйкес жүргізіледі.  Орталықтың есігі тіл үйренемін деген кез келген тұрғынға ашық. Оған жүгінген азамат мемлекеттік және ағылшын тілдерінен тегін оқи алады. Тек қана меңгеріп қана қоймай, республикалық, облыстық, қалалық шараларға қатысып, білімін шыңдау мүмкіндігі ұсынылады. Ең бастысы – адамның ішкі ниеті мен қалауы. Себебі оқыту курстары онлайн да, оффлайн түрде де өтеді. Тыңдаушылардың сабағын қызықты әрі танымды ету мақсатында сабақта «LearningApps», «Kahoot», «Quizlet», «Wordwall», «Quizizz», «ClassFlow», «Book Creator» секілді заманауи сервистер пайдаланылады.

Қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нурмаханованың айтуы бойынша биыл мемлекеттік тілді оқыту курсына 130 адамды, ағылшын тілі бойынша 80 адамды қамту жоспарлануда.

- Орталықтың негізгі миссиясы – ересек тұрғындарға тілдерді оқытып-үйрету. Жылдан-жылға мемлекеттік тілді үйренуге қала тұрғындарының арасында сұраныс артып келеді. Курсты аяқтап, сертификатқа ие болған тыңдаушылармен байланыс үзілмейді. Курстан алған білімдерін шыңдап, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысады. Мысалы, өткен жылы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына қатысып, облыс бойынша Саран қаласы ерекше белсенділік танытты. Сонымен қатар, курсты аяқтағандардың арасында «Үздік тыңдаушы», қала мектептерінің ұлты қазақ емес бастауыш сынып оқушылары арасында «Мемлекеттік тіл - мерейім», мемлекеттік қызметкерлердің арасында «Ұлттық ономастика - ел айнасы», үш тілді жетік меңгерген қала жастары арасында «Тіл шебері» атты байқаулары дәстүрлі түрде өтеді. Қаламыздың тіл мамандарына арнап «Тілдерді оқыту: әдіс, тәжірибе, инновация», «Латын графикасына көшу – өркениет биігіне көтерілу» тақырыбында семинар-практикумдар өткізіледі, - деді қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры.

Одан бөлек тіл еріктілерінің қатысуымен Саран қаласында «Қазақ тілі: загружай и изучай» акциясы өткізілген. Бұл акцияны енді Ақтас кентінде жалғастыру жоспарлануда. 2021 жылы құрылған «Мәміле» сөйлесу клубы да өз жұмысын тоқтатпаған. Оқу орталығының әлеуметтік парақшасында да «Перевод дня», «Топ слова», «Qazaqsha sóıle», «Тілашар», «Знать казахский – модно» «Әуен life» айдарлары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Осы іс-шаралардың барлығы тыңдаушылардың зейінін арттыруға, қала тұрғындарының сауаттылығын дамытуға бағытталған. 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА