Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Яғни, 2024 жылы кәсіп иелері мен олардың жұбайлары 250.00 нысан бойынша салық есебін өткізуге міндетті.

Бәрімізге мәлім, елімізде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №121-VI ҚРЗ Заңының 45-1-бабының негізінде жалпыға бірдей декларациялау 4 кезең бойынша енгізіліп жатыр.

2021 жылы 1-кезеңі басталып, оны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары бірінші болып тапсырса, 2023 жылы  2-кезеңі қолға алынып, онда мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, яғни, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т. б. салаларында қызмет ететін азаматтар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары қамтылды. Биыл 3-кезеңінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлермен олардың жұбайлары тапсыруы тиіс.

Бүгінде  Саран қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жалпыға бірдей декларациялауды қала тұрғындарына түсіндіру бойынша аянбай қызмет етуде.  Жүргізіліп жатқан жұмыс бабымен танысу мақсатында таяуда Саран қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Біржан Копеевпен кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

Біржан Амандықұлы, декларацияны қалай тапсырады?

- Декларацияны «е-salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы немесе салық төлеушілер кабинеті және eGov электрондық үкімет порталы арқылы тапсыруға болады. Саран қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына келіп те тапсыра аласыздар. Біздің мамандар көмектесіп, түсінбеген тұстарын түсіндіріп береді.

Декларацияны қай уақытқа дейін тапсыру керек? Егер де үлгермеген жағдайда қандай шаралар қабылданады?

Бұрын декларацияны қағаз түрінде 15 шілдеге дейін тапсыру керек болса, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін үлгеру керек болған. Қазір өзгерістер енгізіліп қағаз түрінде де, электронды түрде де  2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет. Егер де көрсетілген уақытқа дейін декларацияны тапсыруға үлгермесеңіз, онда бұл тәртіп бұзушылыққа жатады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 272 бабы бойынша салық нысандағы декларацияны уақытылы ұсынбағаны үшін  бірінші рет болған жағдайда ескерту беріледі, алайда бір жыл ішінде екінші рет қайталанса жеке тұлғаларға 15 айлық есеп көрсеткіште айыппұл салынады.

Декларацияны тапсырғанда қандай мәліметтер көрсетіледі?

- Декларацияны бірінші рет тапсырып жатқан азамат ең алдымен 250.00 нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынады. Яғни, бұны басқаша айтқанда «кіру немесе тіркелу декларациясы» дейміз. Кейін екінші рет тапсырған уақытта 270.00 нысан бойынша тапсыруы тиіс. 250 нысандағы декларацияда шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік, шет мемлекетте тіркелген көлік, арнайы техника, шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша, шетелдік компаниялардың және қазақстандық компаниялардың бағалы қағаздары, сенімгерлік басқаруға берілген мүлік, инвестициялық алтын және қолма-қол ақша 10 мың АЕК-тен асатын болса онда оны да көрсету керек. Осы тұста бір атап өтетін жайт, барлық көрсетілген ақпараттардың қауіпсіздігі жан-жақты сақталады.

Қазіргі таңда Саран қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында қандай жұмыстар атқарылуда?

- Декларацияның негізгі мақсаты - сыбайлас жемқорлықпен күрес және көлеңкелі экономиканы жою. Осы бағытта біз қазір тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Түрлі брифингтер, семинарлар, «saran_mkb» инстаграм әлеуметтік желісінде тікелей эфирлер ұйымдастырамыз. Тұрғындарға есігіміз әрдайым ашық. Кез келген адам мамандардың көмегіне жүгіне алады. Бізде, сондай-ақ, қабылдау күндері бар. Өзім бейсенбі күні қабылдасам, орынбасарым сейсенбі күні қабылдайды.

Біржан Амандықұлы, уақытыңызды бөліп бізге сұхбат бергеніңізге көп рақмет.

Осы тұста жаза кетсек, Саран қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына аналар балаларымен де келе алады. Кішкентай қала тұрғындары үшін бөлек бұрыш дайындалып, ыңғайлы етіп жасалған.

Сұхбат барысында мемлекеттік кірістер басқармасына декларация тапсыруға келген қала тұрғыны Хамит Әбішпен тілдесуге де үлгердік. Оның қызмет жүйесіне берген бағасы жоғары болды. Сөз арасында көңілінен шыққанын да атап өтті.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА