21 маусым күні Саран қаласында облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі семинар-кеңесі өтті. Келелі кездесуде орамды ой, парасатты пайым мен салиқалы пікір ортаға салынды.
Ардагерлер қалаға кіреберісте көзге түсетін заманауи архитектуралық үлгіде жасалған «Saran» деген жазуы бар арканың алдында шашу шашылып, қара домбыраның күмбірлеген үнімен салтанатты түрде қарсы алынды. Кейін қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин, қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева Жеңіс Стелласына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің рухына құрмет көрсетті.
Ардагерлер Саран қаласының қақ ортасында орналасқан мәдениет үйінің ішін де аралап көрді. Онда Саран қаласының суретшісі Қайрат Кожухов өзінің авторлық туындыларымен таныстырса, қаламыздың тағы белді суретшісі Е. Мурашов ізгі ілтипатын білдіре отырып, сый-құрметпен суретін табыс етті. Қылқалам шеберлеріне қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысқандары үшін облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаты берілді. Әрбір ауқымды іс-шараларда өзінің рухани азығымен көзге түсіп жүретін қалалық орталық кітапхана «Саран - жер бетіндегі ең жақсы қала» тақырыбындағы кітап көрмесін ұйымдастырды. Саранның тарихы, көңілі кең тұрғындардың естеліктері, қаланың танымал ақындарының жинақтары назарға ұсынылды. 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизион командирінің Тәрбие және Идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Рамазан Бахтияров Ұлы Отан соғысынан бастап қазіргі уақытты қамтыған диорамасына шолу жасады. Ағаштан, қағаздан, тіпті сіріңкенің шиесінен жасалған жауынгерлік машиналар дәлме-дәл түп нұсқаға ұқсатып істелінген.
Кейін ардагерлер қауымы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге бет бұрды. Абайтану кабинетін, естеліктерге толы мұражайын аралап, негізгі семинар-кеңесті өткізуге көшті.
Облыстық ардагерлер кеңесі жылына бір рет көшпелі семинар-кеңес жүргізіп, сол өлкенің жұмысымен етене танысып жүр. Мәселен былтыр Ақтоғай ауданында болса, биыл желтоқсан айында 70 жылға толатын Саран қаласына тоқталған.
- Облыстық ардагерлер кеңесінің өзінің іс жоспары бойынша жыл сайын осындай жиындарды ұйымдастырамыз. Былтыр Ақтоғайда болғанбыз, оның алдында Жаңаарқада, Теміртауда болдық. Жалпы айтқанда, әр қала, аудандарда осындай шара өткізіп жүрміз. Оның мақсаты – осы Қарағанды облысының өңірлерімен, жақсы-жақсы шаралармен таныстыру. Мінекей, бүгін Саранға келіп тұрмыз. Саран – тамаша қала. Көркейіп келе жатыр, - деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин.
Семинар-кеңесте қалалық ардагерлер кеңесінің осы уақытқа дейін атқарған жұмысы талқыға салынды. «Ардагер ұйымы» РҚБ Саран қалалық филиалының төрағасы Жұмабике Токушева егде адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, тұрғын үй, тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, ұйымдастырған іс-шаралармен таныстырды. Қазіргі таңда Саран қаласында 7 мыңнан астам ардагер тұрады. Оның 198-і тыл еңбеккері. Аға буын өкілі жастармен кездесіп, ақыл-кеңестерімен, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Атаулы іс-шараларға белсене қатысып, өзінің сүбелі үлесін қосуда. Сондай-ақ, семинарда Теміртау қаласы мен Осакаров, Қазыбек би атындағы аудандарда атқарылған жұмыстар тыңдалды. Одан бөлек қоғам дертіне айналған лудомания, ойын құмарлық тақырыбы кең талқыланды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин өз сөзінде жастарды жаман әдеттерден арылтып, пайдалы істерге, жақсы жолға салу керектігін жеткізді.
Тәлімді де тағылымды семинардың соңында ел ішінде өздерінің биік парасаттарымен, кейінгі толқынға темірқазық болып, жол сілтеп жүрген бір топ ардагер Құрмет, Алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды. Саран қаласының ардагерлер кеңесіне қазақтың ұлттық аспабы – домбыра сыйға тарту етілді. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Айман Хайруллинаға «Қарағанды облысының құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева, ардагерлер кеңесінің мүшелері: Тамара Кучеренко, Нина Порохненко мен Надежда Скачкова «Саран қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Орамды ой мен салиқалы пікірге толы отырыстан соң ардагер қауымы қалалық ардагерлер кеңесіне, Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінде болды. Заманға сай етіп жасалған білім орданың кабинеттері мен спортзалын қарап, спорт ойындарын ойнап көрді. Ең соңында, РТБ индустриялық аймаққа барды. Онда тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» және көлік дөңгелегін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыттарының ішін аралап, жұмыс барысымен танысты.
Күннің ыстығы мен суығына қарамастан ардагерлер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен енсеріп келеді. Болашақ жастарға зор сенім білдіре отыра, өнегелі үлгісін көрсетуде.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА