Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жыл сайын елімізде шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Көрнегі ақын Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекерден-бекер жырламаса керек.

Қара домбыраның қоңыр үні қазақтың жанын,  өткені мен бүгінін, кешегісі мен келешегін жеткізе білген.  Ол тек киелі аспап қана емес, ұлтымыздың ұлы шежіресі. Себебі, домбыра арқылы көңілдің қылын шертуге, жүректің мұңын ақтаруға болады. Қай уақытта болмасын адамға жұбаныш, думанды күндері қуаныш бола білген атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық аспап Саран қаласында да қастерлі.  Қалалық балалар өнер мектебінің қазақ ұлт аспаптар бөлімі әрдайым қос ішікті домбыраны дәріптеп, жас буын өкіліне насихаттауда.

- Қазақ ұлт аспаптар бөлімінде балаларға ұлттық аспаптар 7 жылдық білім беру бағытында оқытылады. Соның ішінде – домбыра аспабы кіреді. Домбыра аспабы – балалардың арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл бөлімде дайындық сыныбынан бастап, 7-сыныпқа дейін балалар білім алады, - деп атап өтті қалалық балалар өнер мектебінде қазақ ұлт аспаптар бөлімінің меңгерушісі Сәлдет Шаймұратұлы.

Бір сөзбен айтқанда, жас домбырашылар балалар өнер мектебіне тарыдай болып кіріп, таудай болып шығады. Себебі олар ел ауызында жүрген халық күйінен бастап, күй атасы-Құрманғазының, дана да дара – Дина Нұрпейісованың, шертпе күйдің шебері – Тәттімбет Қазанғапұлының, қазақ өнерінің саңлағы – Дәулеткерей Шығайұлының және де тарих бетінен өшпестей із қалдырған басқа да дәулескер күйшілердің туындыларымен сусындап, жеті жылда пісіп, жетіліп шығады. Қазіргі таңда 120-ға  жуық  шәкірт тәрбиеленіп отыр. Балалар домбыра сыныбына қабылданбас бұрын, алдын ала емтиханнан өтуі тиіс.  Сәлдет Шаймұратұлының айтуы бойынша, биыл 15 тамыздан бастап домбыраны үйренгісі келетін жас толқын сабаққа қабылданбақ.

Сондай-ақ, 1 маусымнан бастап, 1 шілде аралығына дейін жазғы шығармашылық мектебі өз есігін айқара ашқан. Оған ұлттық аспапқа қызығушылық танытқан кез келген бала келіп, домбыраның қыр-сырымен таныса алған.

Қазіргі таңда балалар өнер мектебіндегі қазақ ұлт аспаптар бөлімінде Ұлттық домбыра күніне қызу дайындық жүріп жатыр. Одан бөлек, домбырашылар үш жыл да бір келетін «Жас музыканттар» байқауына қатысуды ниет етіп отыр.

Сонымен қатар, жаза кетейік, қаламызда Ұлттық домбыра күніне орай қалалық шара өткізілмек. Дарабоз күйшілердің лирикалық тереңдігімен, сезімнің дархандығымен ерекшеленетін төкпе мен шертпе күйлерінен де шашу шашылмақ. Қаланың барлық кітапханаларында «Домбыра — қазақ халқының жаны» тақырыбында кітап көрмелері ұйымдастырылмақ. 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА