№7 мектеп-интернатындағы «Арман» жазғы лагерінде екінші маусым басталды.
Жаз мезгілін балалар асыға күтеді. Асыр салып ойнап, алаңсыз күндерден шабыт алып, мәз-мейрам болады. Осы тұста білім ордалары жазғы демалыстың пайдалы әрі көңілді өтуін қамтамасыз етуге атсалысады. Саран қаласына қарасты РТБ аумағында ескі үйлер қалпына келтіріліп, іші сыңғырлаған сәби күлкісіне, әдемі кештерге толуда. Онда орналасқан жалғыз білім ордасы - №7 мектеп-интернаты балалардың сапалы білім алуына жауап береді. Оқу жылы аяқталғанның өзінде жазғы маусымда мектеп жаныңдағы «Арман» лагері жұмыс істейді. 3-14 маусым аралығында лагерьдің бірінші маусымы аяқталып, оған 70 бала қатысса, осы айдың бірінші күнінен бастап екінші маусымы басталды.
Екінші маусымның салтанатты ашылу сәтінде балаларға ойын бағдарламасы ұсынылды. Көңілді көтеретін шаралардан бөлек зейінді арттыратын танымдық шараларға да аса мән берілген. Ұлттық домбыра күніне орай балаларға қос ішікті аспаптың тарихы, әйгілі күйшілер мен көпті тәнті еткен туындылары туралы ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, бірінші маусымда бала саны көп болып, онда тамақтану кірсе, бұл маусымда жергілікті жерде тұратын балалардың бос уақытын тиімді өтуіне басымдық берілген. Оқушылар лагерьге келгенде таңғы жаттығудан бастап, шығармашылықпен айналысады, ойын-сауық шараларға да қуана қатысады.
- Күн сайын біз балалар секіріп-жүгіре алатындай көңіл көтеретін спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға тырысамыз. Сондай-ақ, балалармен профилактикалық әңгімелер, қауіпсіздік шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді «Арман» мектеп жаныңдағы лагерінің жетекшісі Ирина Щербина.
Лагерьде әр айшықты мерекеге назар аударылған. Мәселен, 5 шілде күні Астана күніне орай «Моя столица» атты челлендж бен суреттер байқауы ұйымдастырылмақ. Жоспарға сәйкес белгіленген әр іс-шараның барлығы балалардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өтуіне бағытталған.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА