Бүгін: 08.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Кітап сүйер қауым үшін жақсы жаңалықпен бөліскелі тұрмыз. Саран қаласында қалалық білім бөлімінің мұрындық болуымен «Білім» аллеясында рухани қазынаға толы ата-аналар мен балаларға арналған буккроссинг  пайда болды.

Оның өзге туындылардан айырмашылығы – қолжетімділігінде. Қала тұрғындары «Білім» аллеясында серуендеп жүргенде кез-келген уақытта  көрсетілген QR код арқылы қалаған шығармасын оқи алады. Саран қаласының 70 жылдығына орай қалалық білім бөлімі қазіргі уақыта кең өріс алып жатқан инновациялық технологияларды пайдалана отырып, онлайн кітаптардың тізімін дайындады.

Ата-аналар мен балаларға арналған буккроссингте жоғарғы сатылымға ие кітаптар, бестселлер атанған туындылардан бастап көркем әдебиеттерді, балаларға арналған шытырман оқиғаға толы шығармаларды оқуға болады. «Білім» аллеясына қойылғанына аз уақыт өтсе де, тұрғындардың қызығушылығын оятып, кітап оқуға деген ынтасын арттыруына септігін тигізуде. Қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевтың айтуы бойынша, аллеяға тағы бір онлайн кітаптардан құралған буккроссинг қою жоспарлануда.  Осы арқылы қала тұрғындарына Қазақстанның көркем әдебиеті мен әлем классикалық әдебиетімен таныстыруға, сөздік қорды көбейтуге зор мүмкіндік берілмек.

Тұрғындар одан Дейл Карнегидің әлемнің талай тіліне аударылып, он бес миллионнан аса таралыммен сатылған «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері», кемеңгер жазушы Шыңғыс Айтматовтың ең танымал шығармаларының бірі  «Ақ кеме»  мен  Сайын Мұратбековтың соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, қажырлы еңбек, адалдық пен адамгершілікті сөз ететін «Жабайы алма»  повесін, ұлы ақын Абай Құнанбаев жайында жазылған көркем туындылардың ішінен орны бөлек Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын, Абайдың 45 қара сөзін, Ник Вуйчичтің әйгілі «Жизнь без границ» пен американдық Джордж Клейсонның  экономикалық әдебиеттің классикасына айналған «Вавилондағы ең бай адам» атты туындысын және басқа да әйгілі жазушылардың шығармашылығымен таныса алады. Тіпті, мектеп бағдарламасында  кездесетін Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» және Шерхан Мұртазаның  «Ай мен Айша» романың алысқа бармай оқуға болады.

Алдағы уақытта «Білім» аллеясының ішін көріктендіруге, ата-аналар мен балаларға ыңғайлы етіп жасауға бағытталған тың жобалар қолға алынбақ.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА