Бүгін: 08.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар.

Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.

Қазақ халқының ұлттық және рухани құнылықтар турасындағы танымы мен сенімі ерекше. Ұлттық құндылықтарды қадірлеп, қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізсе, діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға үлгі-өнеге беретін, пейілге мейірім ұялататын рухани күш ретінде бағалаған.

Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, әрі қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде.

Дін мәселесі – рух мәселесі. Дін мәселесін дінилендіру де, зайырлыландыру да емес, руханиландыру қажет. Бізде осы мәселеге қатысты біржақты көзқарастар белең алуда. Дін мәселесін руханиландыру орнына зайырлыландыру кері нәтиже береді. Дін өлуі мүмкін, бірақ ешқашан зайырлыланбайды. Әр құбылысқа өз табиғатына сәйкес әдістеме қажет. Дінді руханиландыру арқылы мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпауымыз қажет.

Дін атын жамылған радикалды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер тұрғын халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей идеология ретінде әрекет ететіндіктен оларға қарсы күрестің жалғыз жолы да тек идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.

Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы ретінде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың маңызы өлшеусіз. Дәстүрлі құндылықтарынан – рухани тамырынан қол үзбеген қазіргі қазақ қоғамының ішкі әлеуеті – біздің радикалды ағымдармен күрестегі негізгі күшіміз әрі үмітіміз.

Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы,

дінтанушы,

ақпараттық топтың мүшесі