Бүгін: 18.10.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Аллаға шүкір, еліміз егемендігін алғалы етек-жеңімізді жиып, рухани дүниелеріміз түгенделуде. Ұлттығымыздың негізгі белгілері – дініміз бен діліміз, тіліміз қайта түлеп, жаңғыра бастады. Бұл ең әуелі Ұлы Жаратушы Алла Тағаланың бізге деген сыйы деп ұғынуға тиіспіз.

Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болу қажеттілігі айтылады. Олар – діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Қазақтың киелі топырағынан қаншама ғұламалар шықты. Аты әлемге мәшһүр, екінші ұстаз атанған әл-Фараби, ақын-шайыр, сопы Қожа Ахмет Иассауи, атақты ғалым  Сүлеймен Бақырғани және т.б. Олар үлкен ғалым болумен қатар барлығы да діннің аса білгір маманы еді. Біз, өскелең ұрпақ, осындай ұлы адамдардың  ұрпақтары болғандықтан, олардың атына кір келтірмеуге тиіспіз.

Дін мен дәстүрдің өзара байланысы аса қажет. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әрбір іс-әрекеті исламмен астасып жатыр. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі – бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни туған нәрестенің амандығы және жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қалжаға «ақиқа» қойы ер балаға екі, не бір қой соятын болған. Ал қыз балаға бір қой сойған. Сонымен қатар бұл үрдіс жаңа босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп-қалыптасуына және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді 40 күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Асыл дініміз исламда да әйел босанған уақыттан бастап, 40 күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Яғни, жас босанған келіншек намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Тағы бір мәселе – ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қой барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс.

 Дін, дәстүр, салт, ырым-тыйым – мұның бәрі өте тығыз байланыста, сабақтастықта.     «Үйге қарай жүгірме немесе атпен шаппа жаман болады» деген де бар. Бұл да ырым емес, үлкен этикадан туындаған тыйым болып саналады. Көбіне жау шапқанда хабаршы жай жүріске салмай шауып келетін болған. Сондықтан тыныштық уақытта үйге қарай шауып келу - елдің жүрегіне үрей салу болғандықтан, осылай тыйымдарды ата–бабамыз айтып отыратын болған.

Ендігі айтпағым, дастархан басында берілетін бата туралы. Негізі баталар имандылық, адамгершілік,аман-есендік, бақыт, қуаныш, құт-берекені күтуге шақырады. Батаны ауыл ақсақалдары мен қариялар беретін болған. Дін мен дәстүрдің сабақтастығы деп осыны айтуға болады. Дінді дәстүрден, дәстүрді діннен бөліп қарауға болмайды, себебі, қазақ халқының салт-дәстүрлері дінмен өте тығыз байланыста болғандығын осы келтірген мысалдардан аңғарамыз.

Дінге қатысты халықтың еркін қиялынан туған шығармаларға белгілі ғалым Шоқан Уәлиханов ерекше мән берген. Шоқан тек ислам діні емес, діннің басқа түрлеріне де терең талдаулар жасаған. Осы секілді Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ғалымдар мен жазушылар өз шығармаларында дін туралы тақырыптарды арқау еткен. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығына көз жүгіртсек: «Дін», «Қисық қабырға», «Неке қияр», «Айт» сынды тақырыптағы туындыларды кездестіруге болады. Ал дінді өздеріне тап құралы ретінде билеуші топтардың қаскөйлігін Абай тек өлеңмен емес, асыл ойлы өткір сөздерімен де түйреген. Олардың мал мүлікке, байлыққа табынған арам ойларын беттеріне басқан. Діннің ең қауіпті кеселді жағы біреуді кәпір, біреуді мұсылман деп ұлт араздығын тудыру саясатын қоздыру еді. Абай да бұған соққы берді. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да бәрі орыста зор...Орыстың тілін білсең, көкірек, көзің ашылады...Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» - деген.

Келешегіміз жарқын болу үшін, жас ұрпақ өткенді, ата-баба мұрасын білуі қажет және салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жоғалтпай сақтап, заман ағымына қарай жақсы жетілдіріп отырсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

С. Супьянова,

«Ақ шаңырақ»ЭМБ-нің жетекшісі,

ақпараттық топтың мүшесі