Бүгін: 18.10.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қарағанды облысының нотариаттық палатасының басқарма мүшесі, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы,  өмірін заңмен тікелей байланыстырған, жиырма жылдық тәжірибесі бар Саран қаласының білікті нотариусы Ерденбай Елюбайұлы Тажитаев республикалық нотариаттық палатаның  «Нотариат саласындағы адал еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Нотариалдық қызмет – бұл заңгерлер арасындағы ең танымал қызметтердің бірі. Ерденбай Елюбайұлы әу бастан бұл салаға бет бұратынын білмеген.  Алайда жүрек қалауымен, уақыттың ағымымен бұл қызметке таңдау түскен.

Ерденбай Елюбайұлы, мерейлі марапатыңызбен құттықтаймыз! Сұхбатымызды бастамас бұрын, бойыңызға күш берген, ойыңызға қанат бітірген қасиетті туған жеріңіз туралы, нотариалдық қызметке қалай келгеніңіз жайлы айтып кетсеңіз.

-              Мен өзім Қарағанды облысы, Нұра ауданынан боламын. Қарой деген ауылдың тумасымын. Өзіміз он ағайындымыз. Үйде бес ұл мен бес қызбыз. Нотариус болмас бұрын Нұра ауданының полиция бөлімінде,  Қарағанды облысы ІІО ГАИ инспекторы болып істедім.  Содан кейін Қарағанды облысының Әділет департаментіне ауыстым.  Онда аға сот орындаушысы болдым. Міне, солай кейін нотариалдық қызметке келдім.

Заңгер болу таңдауы ойыңызға қайдан келді?

-              Өзімнің заңгерлікке деген құлшынысым Отан алдында борышымды өтеп келгеннен кейін пайда болды. Әскерден келгеннен кейін полицияға тұрдым.  Кейін заңгерлікке бет бұрдық.  Жұбайым да – нотариус.   Соңымнан ерген ұлым да, қызым да – заңгер.

Бәлкім, отбасыңызда ұстанатын дәстүрлеріңіз бар шығар?

-              Біз барлық мерекелерді құрметтейміз. Алайда отбасымызбен бірге жыл сайын әз-Наурыз мерекесін бірге атап өтеміз.  Үйдің ауласында киіз үй тігеміз. Сондай шағын бір дәстүріміз бар десем болады.

Қандай керемет!  Ерденбай Елюбайұлы, негізі республикалық нотариаттық палатадан  «Нотариат саласындағы адал еңбегі үшін» медалімен марапатталамын деп ойладыңыз ба?

-              Күтпеген жерден тосын-сый болды. Мұндай медальге ие болу үлкен мәртебе. Себебі, екінің біріне бере бермейді. Жұмыс өтілімі 20 жылдан асқан, бірде-бір заң бұзбаған жандар ғана бұл марапатқа лайық. Әділет министрлігіне, Қарағанды облысының Әділет департаментіне, республикалық нотариаттық палатаға, Қарағанды облысының нотариаттық палатасына айтар алғысым шексіз. Қарағанды облысының нотариалдық палатасының төрағасы Айгүл Қазбекқызына, өзіммен бірге талай жылдар бойы істеп келе жатқан әріптестеріме көп рақмет. Мұндай медальдің иесі атанғаныма өте қуаныштымын. Биыл өзі жемісті жылдардың бірі. Осыдан бір ай бұрын Қарағанды облысынан  15 нотариус жиналып, Жамбыл облысында өткен Қазақстан Республикасы нотариустарының V спартакиадасына қатысып, жүлделі 3-орынға ие болды. Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Осындай мерейлі сәттеріміз көп болсын.

Бәрекелді! Жиырма жыл – аз уақыт емес.  Осы уақыт аралығында жинақтаған мол тәжірибеңіз – жастар үшін өз алдына бір мектеп. Ендеше, соңыңыздан еріп келе жатқан жастарға қандай кеңес айтар едіңіз.

-              Жастарға айтатыным, барлық құжаттарды заңмен істеңіздер. Заңды бұзбау керек.  Жастарымыз білімді, білікті, парасатты болсын.  

Ерденбай Елюбайұлы, тағы да марапатыңызбен құттықтаймыз! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Қызметіңізге табыс, отбасыңызға  бақыт, амандық, ырыс-береке тілейміз!

Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА