Жеті қат жер астына түсіп, кен өндіретін кеншілердің жұмысы – ерлікпен пара-пар. Жер астында түскеннен бөлек, сол жерде еңбек етіп көрудің өзі зор күш пен қайратты талап етеді. Қызығынан гөрі, шыжығы көп, сақтық пен асқан жауапкершілікті екі есе талап ететін қиын жұмыстардың бірі һәм бірегейі десек қателеспейміз.
Жетпіс жылдық тарихы бар Саран қаласында көптеген кеншілер тұрып, балалы-шағалы болып, отбасын құрып, елдің қарыштап дамуына өмірлерін арнап келеді. Сондай жандардың бірі – «Саранская» шахтасында 37 жыл еңбек етіп жүрген Шет ауданының тумасы, Ақтас кентінің тұрғыны Мейрамбек Шәкенұлы Битуов.
Мейрамбек Шәкенұлы үшін әрдайым ер дәулеті – еңбекте. Жастайынан еңбекке етене араласып, 1985 жылы Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп, 1987 жылы «Актаская» шахтасында жұмысқа орналасқан. Әрі 1988 жылы Саран қаласындағы №4 орта кәсіптік-техникалық училищені (қазіргі Саран техникалық колледжді) «Жерасты электр слесарі» мамандығы бойынша бітірген. Содан қаншама уақыт өтсе де, шахтадан бір елі алыстамай, қауіп-қатерлерге қарамастан өзіне жүктелген қызметті бұлжытпай орындап келеді. Бүгінде ол «Саранская» шахтасында үңгуші болып қызмет етуде.
Мейрамбек Шәкенұлы әскерден келген бетте кенші боламын деп ойламаған. Алайда қазіргі таңда кезінде бұл шешімді қабылдағанына еш өкінбейді. Керісінше, қолдау көрсеткен, қиын кезде иығын тірей білген жандарға дән риза.
- Кеншінің жұмысы – ауыр. Екінің бірі шыдай бермейді. Жұмысқа таңертеңнен дайындаламыз. Ерте оянып, жуынып-шайынып, таңғы асымызды ішіп, шахтаға жақсы көңілмен барамыз. Алты сағат жердің астында жұмыс істеп, аман-есен шыққанымызға шүкір дейміз, - дейді Мейрамбек Битуов.
Олардың көз алдарында талай дүние зырғып өтуде. Шахтаның арқасында сенімді азаматтармен, адал достармен танысты. Маңдай термен келетін еңбектің жемісін көріп, марапатқа бөленуде. 2006 жылы ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен, 2014 жылы ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталды.
- Маған сенім білдіріп отырған басшылығыма, әріптестеріме көптен-көп рақмет. Зор алғысымды білдіремін. Келе жатқан кәсіби мерекемізде барлық кеншілерге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеймін. Аман-есен жердің астына қанша түссек, сонша аман-есен шығуымызға жазсын. Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын!,- деп кенші ізгі тілегін білдірді.
Мейрамбек Шәкенұлы тек тәжірибелі кенші ғана емес, асыл жар, асқар таудай әке, мейірімді ата. Кеншілердің демалыс уақыттары да жұмыс күндері секілді «көзді ашып – жұмғанша» өте шығады. Үйдің отағасы болғандықтан жанұясына көп көңіл бөледі. Ата ретінде немерелерімен ойнап, маңдайынан иіскеп, олардың сыңғыр күлкісін естіген бетте шаршағаны судай басылып, барлық ауырпалықты ұмытады. Демалыс уақытын да отбасына арнағанды жөн көреді. Бірге ауылға барып, балық аулап, барынша көңілді әрі пайдалы етіп өткізуге тырысады.
Елімізде кеншілердің төл мерекесі тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Кеншілердің ерен еңбегі қай уақытта болмасын даңққа лайық. Әрқашан абырой биігінде болып, мерейлеріңіз үстем болсын, өмірін кен байыту ісіне арнаған құрметті азаматтар!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА