Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Халқымыздың  біртуар  перзенті  Сұлтанмахмұт  Торайғыров:

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда берген білім,

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп жырлап, ана тілінің қадір – қасиетін  асқақтатып, тегін  өлеңге  қоспаса керек.

Ана тілі – Отанға, туған жерге, ата – анаға, досқа  – туысқа деген адал махаббаттың   алтын  көпірі. Алаштың  маңдайына  біткен арысы, қаһарман ұлы  Бауыржан   Момышұлы  «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деп, ерліктің, өрліктің ғажап үлгісін танытып өтті емес пе?!  Туған  елінің   абыройын асқақтатқан, туған  тілін  шексіз  сүйген  Баукендей  сұңқарлардың  ұрпағы екенімізді мақтан етеміз.

«Бақаның  бағынан  сұңқардың  соры  артық»  деген  қанатты сөз де осы Бауыржан  батыр  атамыздың аузынан шыққан сөз.

Қазақ  сөзі  Абай  мен  ұлы Мұхтардың  телегей – теңіз тебіреністері. Мағжан  мен  Қасымның, Жұмекен мен Мұқағалидың  жан  сырлары!

«Толғауы  тоқсан  қызыл тіл, сөйлеймін десең, өзің біл!» – деп дана Абай атамыз  жырлағандай, тіл – әр ұлттың  баға жетпес байлығы, сарқылмас  мол қазынасы. Данышпан  халқымыз:  «Тіл  тас  жарады, тас  жармаса, бас жарады», «Көз  жетпеген жерге, сөз жетеді», «Таяқ  еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Басқа пәле,  тілден», – деп сөз өнерінің сиқырына, тілдің құдіретіне ерекше табынып, бас иген  халықпыз.

Ана тілі – ана сүті арқылы  бойға  дарып, туған  халқының  бар асыл қасиетін  жүрегіне  шым – шымдап сіңіретін теңдессіз құндылық.  Кешегі алмағайып  замандарда  тұтас  бір елдің  тағдырын  бір-ақ ауыз сөз шешкен.    

«Егер тілім болса ертең құрымақ, мен дайынмын өлуге де, бүгін – ақ»,  – деп  Расул  Ғамзатов  жырлағандай, туған тіл – әрбір ұлттың  өмір  сүруінің белгісі, тірлігінің  мәні. Әлем тарихында   ана  тілінен  айрылып, талай ұлттардың тарих сахнасынан  жойылып  кеткенінде  білеміз.

Қазақ сөзі – тәуелсіздік таңы жарқырап атқан, тарихы бай, даласы дархан, пейілі жомарт, тілі – шексіз бай, еркін елдің сөзі!

Ж.Джумашева,

Саран қаласының полиция бөлімі