Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының 70 жылдығы мен Конституция күні қарсаңында дәстүрлі қалалық веложарыс өтті.

Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі соңғы үш жыл қатарынан жыл сайын жаздың соңғы айларында қалалық веложарыс ұйымдастырып келеді. Бүгінде бұл спорт сүйер қауымның көңілінен шығып, тұрғындар тарапынан сұранысқа ие спорттық додалардың бірі. Оған үлкені мен кішісі де қатысып, өз бағын сынап көре алған. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, қатысушыларға қойылатын басты талап – жол ережелерін сақтай отырып, бекітілген ережені бұзбау. 

-              Жарыс «Үшбұрыш» қоғамдық кеңістігінен бастау алып, сол жерде аяқталды. Яғни, қатысушылар РТБ өңіріне барып, қайта айналып старт басталған жерге оралады, - деді Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мұхаммедрахым Арнешов.

Жарысқа түскендер шамамен 21 шақырым қашықтықты бағындырды. Онда әуесқой спортшылар өз денсаулығын нығайтуды және салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен.

-              Барлықтарыңызды Ата Заң күнімен құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Ата Заңымыз мәңгілік болсын. Бүгінгі мерекеміз баршамызға құтты, қайырлы болсын. Бүгін міне веложарыс өтуде. Соған біздің жас буын, жасөспірім балаларымыз қатысуға мүмкіндік алып жатыр. Барлығымыз қуаныштымыз. Саран қаламызда мұндай мерекелер жиі өтеді,- деп атап өтті Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебі директорының оқу жұмыс жөніндегі орынбасары Талғат Қуат.

Жарыс жолына шыққан жалғыз ару Азиза Макенова үшін де бұл маңызды күндердің бірі болды.  Себебі ол алғаш рет веложарысқа қатысып, олжалы болып қайтқан.

-              Саран қаласының барлық тұрғындарын Конституция күнімен құттықтаймын! Аспанымыз ашық болсын. Бүгінгі веложарыс маған қатты ұнады. Өзіме көптеген жағымды эмоциялар алдым. Бәріне жақсы көңіл-күй тілеймін, - деп бізбен Саран қаласының тұрғыны  Азиза Макенова өз әсерімен бөлісті.

Қалалық веложарыстың нәтижесі бойынша ерлер арасында Владислав Пилипцев 1-орынға, Максим Сурначев 2-орынға, Сайфуддин Байдаралинов 3-орынға, қыздар арасында Азиза Макенова 1-орынға ие болып, жүлделі медальдармен және қатысқандары үшін грамоталармен марапатталды.

Сондай-ақ, шара соңында Саран қаласының ПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының инспекторы Жанна Хан 26 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында «Внимание, дети!» республикалық акциясы өтетінін хабарлап, қатысушыларға жолда жүру ережесін еске салды. Әрі ақпараттық буклеттерді әрбіріне таратып берді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА