Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

№2 жалпы білім беретін мектепте алғашқы қоңырау соғылды.  Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 18 оқушы қабылданып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған.

Білім күніне арналған салтанатты жиынға мектеп ұжымы сақадай сай дайындалып, оқушылар мен ата-аналарды, мектеп қонақтарын тағатсыздана күтті. Себебі, дәл бұл сәт - сыңғырлаған қоңырау үні әр ата-анаға, балаға ерекше ыстық. Сол себепті  1 қыркүйекте барлық қошемет те, ізгі тілектер де мектеп оқушыларына арналды.

-              Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл-күй, жаңа жетістіктер мен ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!, - деп мектеп директоры Айман Рахымжанова құттықтау сөзінде атап өтті.

Білім ордасындағы мерекелік шарада енді ғана мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары мен олардың сынып жетекшісі   Андриана Даудрихке ерекше қошемет көрсетілді. Ізгі тілегін білдірген Саран қаласының құрметті азаматы, қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жанат Ашимов, зейнеттегі полиция подполковнигі Сәндібек Назарбеков, білім беру жолында аянбай еңбек еткен, талай шәкірттерді түлетіп ұшырған педагогикалық еңбек ардагері Светлана Подсколзина  білім алушыларға сәттілік тілей отыра, ұстаздарға шығармашылық табыстар тіледі. Мектеп директоры Айман Рахымжанова да қонақтарға сый-құрметін көрсетіп, шын көңілден алғыс хаттарды табыс етті. Сонымен қатар, Саран қаласының құрметті азаматы Жанат Ашимов оқушылардың еліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ояту үшін әрбір 1-сынып оқушысын патриоттық төсбелгімен марапаттаған.

Биыл №2 жалпы білім беретін мектепте 27 оқушы 9-сыныпқа аяқ басқан. Олар үшін де алғашқы қоңыраудың сыңғыры ерекше бөлек болды. Мектеп түлектері  тақпақтарын жаттап, білім теңізінде шұғылалы нұрын төгетін мектепке келген 1-сынып оқушыларына білімді болсын деп ақ түсті, шығармашылыққа жақын болсын деп сары түсті, әрдайым көшбасшы болсын деп жасыл түсті, бақыт әр үйде, соның ішінде мектепте орын алсын деп көк түсті және сүйіспеншілікке толсын деген ниетпен қызыл түсті шарларды ұсынды. Ал алғашқы қоңырау соғу құқығы 9-сынып оқушысы Эльвира Баймағамбетова мен 1-сынып оқушысы Владимир Бакалға берілді. 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА