Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол бізге анамыздың ақ сүтімен бойымызға тараған, ана деген асыл сөзден бастау алған, ата – бабаларымыздың асыл қазына мұрасы. Қазақ тілі – ғасырды ғасырға, ұлылардың үзілмес ғұмырын жалғастырушысы десек те болады. Парасат пен ізгілік жолдарын айқындайтын рухани күш. «Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің»  десе де,  алдымен  туған еліміздің мемлекеттік тілін білу бізге міндет.

Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілінде.  Өз ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді деген сөз. Себебі, қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Басқа тілдерді тез меңгерулеріне қарағанда, қазақ тілін ұзақ уақыт бойы меңгере алмаулары – көңіл күдігін ұлғайтады. Қазіргі жастар – ертеңгі біздің болашағымыз. Сондықтан да, басты мақсат – сауатты   ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ ұрпақты ана тілін құрметтеуге баулу, тіл  байлығын дамытып, кең  қолдана  алуына  жағдай жасау, сауатты жазып, сөйлеулерін қадағалау, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыру үшін барынша күш салып, еңбек ету мақсатын алға қою керек. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт – санамыз бен дініміз, осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Туған  тілдің  абыройын  асқақтату біздің борышымыз.

Атамыз С.Аманжолов «Тіл – әр халықтың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінге жалғасқан  ғұмырының е ртеңге  апарар мүддесін  бейнелеуші, яғни бар тарихтың  куәгері, деректі көзі» деген. Расымен   қазақ  халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі  қазақ   және болашақтағы қазақ. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі  күннің  абыройы, ертеңгі  күннің кепілі. Сондықтан да, өз ана тіліміздің  қадірін  біліп, өз тілімізде  дұрыс  сөйлесе  білу – қаны  қазақ баласының  бірден – бір міндеті  болып  табылады.

«Ана тілінде еркін сөйлеп, шын жүрегіңмен  құрметтесең  ғана, өзгелерге де  ана тіліңді  құрметтете аласың» – деп бабамыз Ахмет  Байтұрсынов айтқандай, ана тіліміз, қазақ тілі өркендеп, асқар шыңдардан  көріне берсін!

Ж. Джумашева,

Саран қаласының

полиция бөлімі