2024 жылы 11 қыркүйекте сәрсенбінің сәтінде Қарағанды облысы білім басқармасы Саран қаласы білім бөлімінің «Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-де «ӘНШУАҚ» республикалық балалар әндері фестивалінің жобасы аясында «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын...» атты от ауызды, орақ тілді ақын, бард, халықаралық, республикалық ақындар айтыстары мен фестивальдардың лауреаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, қазақтың Сары Тентегі Қуаныш Мақсұтовпен мазмұнды, мағыналы, рухани танымдық-тәрбиелік мәні бар кездесу өтті.
Ақын Қуаныш Мақсұтов кездесу барысында Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері мен шәкірттеріне, жалпы поэзиясүйер қауымға 2023 жылы жарық көрген заманауи жетістіктер қолданылған, бардтық туындылары, шансондары, көсемсөздері топтастырылған бар қазаққа құт болған «Құт» кітабын тарту етті.
Оқушылар сөз өнері сүйегіне сіңген Қуаныш Мақсұтовқа еліктеп, ақынның өлеңдерін нақышына келтіре орындап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі Қуаныш Мақсұтов Алаштың кіші Отаны атанған, кіндік қаны тамған Ақтоғай өңірі, асыл әжесінің тағылымды тәрбиесі туралы сыр шертті. Ақынның айтуынша, отбасы, ошақ қасында ақынның ақын болып қалыптасуына көкірегі қазынаға толы ертекші әжесінің рөлі зор болды.
Ақын Қуаныш Мәжкенұлы Абайдың ізін жалғастырушы Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледж студенттері, мектеп оқушылары, ұстаздарымен ақын, аудармашы, қазақ поэзиясының атасы Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма? » әнін орындап, ақынның шығармашылығын өзінің бойтұмары, жанына серік ететінін атап өтіп, өскелең ұрпаққа, болашақ ұстаздарға Абайдың өмірі мен шығармашылығының өміршеңдігін дәріптеді.
Жан-жақты өнер иесі қазіргі заманда жастар материалдық құндылыққа емес, рухани құндылыққа, кітап оқуға жақын болу, болашақ жастардың қолында екенін баса айтты.
Бүгінде қоғам қайраткері көпшілікпен бірлесіп, қазақ халқының шертпе күй өнері мен Алаш қайраткерлерін насихаттауда ауқымды жұмыстар атқарғанын, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЮНЕСКО-ның бағдарламалары аясында өз жобаларын жүзеге асырғанын тілге тиек етті.
Мазмұнды кездесу барысында бірнеше инттелектуалдық жобалардың авторы, алты жасында Әлімхан Ермековтің алдына отырып, батасын алған Қуаныш Мақсұтов өзінің өрелі әңгімесі арқылы болашақ жас жеткіншектердің рухани, мәдени, саяси белсенділіктерін арттырды, ішкі жан-дүниелерін оятты.
Кеш соңында суырыпсалма, шайыр ақынға Саран қаласының білім бөлімінің әдіскері Шаймұрат Сәулеш, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Баймагамбетова Орынтай Абильтаевна ақ тілектері мен лебіздерін білдіріп, мектептің директорының міндетін атқарушы Серикова Гульден Абдильхамидовна естелік сыйлықтар мен алғыс хат табыстады.
Абай атындағы ЖББМ
қазақ тілі пәні мұғалімдері