Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Білім беру – тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге көзқарасын жетілдіру үдерісі – қоғам мүшелерінің мәдениетін дамытудың негізгі шарты. Білім беру қызметі –білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогтік негізделген, дәйекті өзара ic-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін үдеріс.

Дінтанулық және діни білім беру салаларын тиімді жіктеу мәселесінің өзектілігі дінтану ғылымы гуманитарлық білім ретінде бастау алған сәтінен орын алып, қазіргі таңда арнайы зерттеулер мен әлемдік деңгейдегі ғылыми пікірталастардың тақырыбы болып табылады.

Қазақстанда діни және дінтанулық білім беру тарихы ең алдымен қазақстандық қоғам дамуының тарихи ерекшеліктерімен байланысты.

КСРО-ның мемлекеттік идеологиясы діни және дінтанулық білім берудің даму ерекшеліктеріне әсер еткені түсінікті: егер діни немесе теологиялық білімге тыйым салынған болса, дінтану ғылымына қатысты білім ғылыми атеизм теориясы шеңберінде оқытылды.

Қазақстан Республикасында 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңындағы «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деген нақты талаптар отандық діни және дінтанулық білім беру саласындағы демаркациялау процестері күшеюіне өз септігін тигізді.Қазақстан Республикасының 2007 жылдың 27 шілдесіндегі № 319-III «Білім туралы» заңына (одан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес, білім беру бағдарламасы «оқытудың мақсатын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды және оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені» деп анықталған.

Дінтану пәнін білім беру жүйесінде оқыту әлемдік және ұлттық мәдениеттің озық жетістіктерін үйрену мен жас ұрпақтың дүниетанымдық бағыт-бағдарын айқындауда, тұлғаның рухани бітім-болмысын қалыптастыруда өзіндік үлес қосары анық. Дінтану пәні жастардың әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің адамзат өркениетіндегі маңызы мен рөлін түсінуге, сондай-ақ діннің қоғамдық өмірге тигізетін ықпалын, діни дүниетаным құрылымын және ерекшеліктерін, діннің қоғамдық сананың формасы ретіндегі функцияларын меңгеруге мүмкіндік береді.

Дінтану пәні аясында діннің пайда болуы мен дамуы, оның жұмыс істеу заңдылықтары, адамзат тарихындағы діннің әртүрлі құбылыстарының пайда болуы, діндердің рухани қоғаммен ортақ ұстанымдары мен айырмашылықтары туралы білім берілуі тиіс.

Жастар қатарына жоғары оқу орындарымен қатар жалпы білім беру мекемелерінің жоғары сыныптары оқушыларын жатқыза аламыз, ал еліміз зайырлылық принциптерін ұстанатын мемлекет болғандықтан зайырлылық ұғымына сипаттама берсек.

Зайырлы білім берудің жүйе құрушы сипаттары қатарына мыналар:

-     мемлекеттік мектептің ар-ұждан бостандығын бекіткен демократизмі мен гуманизмі, оқу-тәрбие үрдісінің дін мен шіркеуден тәуелсіздігі, оқушының өз позициясын таңдау мүмкіндігі, білім беру үрдісінің объективті заңдылықтары мен субъектінің нақтылы мүмкіндіктерін өтейтін объективизмнің болуы;

–             оқушылар бойында ғылыми білім мен танымның үздіксіз сипатын қалыптастыратын ғылыми рационалдылық;

–             оқушының диалектикалық ойлауын дамытатын, қоғамдық өмір құбылыстары мен үрдістерін дұрыс түсінуге мүмкіндік беретін тарихилық көзқарастың қалыптасуы;

–             білім берудің құқықтық реттеулерін, нормативті ережелер тәртібін және педагогикалық үрдістің барлық қатысушылары үшін саналы дисциплина болуын жолға қоятын құқықтық тәртіп пен заңдылық;

–             толеранттылық, яғни ешбіріне басымдық берместен өзге альтернативті (діни) көзқарастар, идеялар, теорияларды мойындай білу;

–             мектептегі білім берудің мемлекетпен, тұтас қоғаммен байланысын және ашықтығын қамтамасыз ететін бұқаралық сипаттың болуы.

Мемлекеттік білім берудегі зайырлылық қағидалары мынандай қызметтерді орындай білуі тиіс:

–             оқушылар бойында ғылыми білім мен танымдық белсенділік, өзіндік көзқарастар, ұстанымдар, жеке позиция мен адамгершілік-этикалық идеалдар қалыптастыру;

–             оқушылар бойында жалпыадамзаттық және жалпыұлттық құндылықтар, мемлекет пен қоғамның идеалдарына махаббат, төзімділік, бір-біріне құрмет көрсетуге жеткізетін гуманизм қалыптастыру;

–             дінге деген қатынасына, көзқарасына қарамастан оқушылардың білім алуына және білім алушылардың өз-өзін қалыптастыруына жетелейтін тұлғалық қасиеттерін жетілдіруіне жәрдемдесетін басқарушылық сипат қалыптастыру;

–             оқу-тәрбие үрдісінде білім алушыларды азаматтық, секулярлы құндылықтармен таныстыру, бірақ дін туралы білім беруді діни білім деп ұғуға болмайды.

Мемлекеттік мектептер халықтар мен ұлттар, мемлекет тарихындағы діннің рөлі мен орнын жоққа шығармауы тиіс. И. В. Понкин мемлекеттік және муниципалды білім берудің діни ұйымдар ықпалынсыз болуын бұрыс санап былай дейді: «Біз діни ұйымдарды азаматтық қоғамның өзге де институттарымен қатар ұлттық білім беру жүйесіне заң аясында ықпал етуге құқылы деп есептейміз». Бірақ ұстаздар қауымы шәкірттерге білім беру барысында мынандай педагогикалық шарттарды естен шығармауы тиіс:

–             мектептің дінге деген қатынасы сенімге үйретуші емес, ақпараттық- танымдық сипатта болуы тиіс. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы белгілі бір дінге, немесе атеизмге басымдық бермеуі тиіс, ал ұстаздар дінтанулық білім мен діни оқуды меңгергені жөн;

–             дінді зерттеуді әртүрлі білім беру пәндері (тарих, әдебиет, дінтанулық дәрістер және т.б.) контексті мен тәрбие беру үрдісіне (отбасы жөніндегі сұхбат, әртүрлі мерекелер өткізу) қосуға болады.

Келтірілген тұжырымдарымыз білім беру ісінде зайырлылық қағидаларының алар орнын көрсетіп беріп отыр. Мемлекет демократиялық, зайырлы даму үлгісінде болғандықтан оқу үрдісін де сол арнада жүргізеді. Мектеп мұғалімдері, орта арнаулы және ЖОО оқытушылары діндар болып, белгілі бір дін қағидаларын ұстануға құқылы. Бірақ аталған тұлғалар өз сенімдерін шәкірттеріне таңса, насихаттаса ол заңға қайшы.

Дінтанушы кез келген мәселеге баға беруде орта жолды ұстау керек, ал орта жолды ұстаудың қиындығы мол. Дін өкілдерінің әрқайсысы өз тарапынан, сол өзі уағыздайтын дін тарапынан ойын ашық, бүкпесіз айта алады, зайырлы дінтану ғылымының өкілдері субъективтіліктен жоғары болып, дін туралы мәселелерді бағалауда, сараптауда объективтілікті басты принцип ретінде ұстануы тиіс.

ҚР Оқу ағарту Министірлік және орта білім беру ұйымдарына «Зайырлылық және дінтану негіздері» факультативті курсы 9 сыныпта тұрақты өткізілуіне және оның орнына өзге пәндер жүргізу жағдайларына жол бермеуге ерекше назар аудару керек.

Жалпы алғанда, осы ұсыныстар мен ұсынымдар әлемдегі және еліміздегі серпінді процестерді ескере отырып, көптеген міндеттер мен мәселелерді қазіргі заманың талаптарына сәйкес шешуге септігін тигізеді деп ойлаймыз. Соның ішінде, пәннің оқу-әдістемелік базасын толықтыруға, оқу әдебиеттерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және орта білім беру ұйымдарында «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін оқытудың сапасын одан әрі арттыруға әсер ететін болады.

Жалпы алғанда, ҚР мектептерінде зайырлылық аясындағы «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің үлес салмағын көбейту аса зор қажеттілік. Бұл пәннен дәріс беретін ұстаздар қауымы жоғарыда айтқанымыздай, жеке өмірінде діндар болғанымен, оқу орнында бейтараптылық принципін басшылыққа алғаны жөн. Бір айта кетерлігі 2016 жылғы жаңа оқу жылынан бастап, «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні ҚР мектептерінде міндетті сабақ ретінде жүргізілетін болады деген болжамдар өз уақытында орындалмады. Осы уақытқа дейін дінтанушы ғалымдар дінтану пәнінің мектептерде 34 сағаттық факультатив ретінде ғана жүргізіліп келе жатқанына наразы болып келгенді. Мұндай қысқа уақыт ішінде оқушыларға дін жөнінде жеткілікті білім беру мүмкін емес екені айдан анық. ҚР азаматтарының діни сауаттылығын көтеру – бүгінгі күн өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Болашақта бұл пәннің мектептегі үлесі одан әрі кеңейтіле берілуі тиіс.

Қазіргі орта білім беру жүйесіндегі дінтану дін туралы білімді белгілі бір ақиқатты немесе басқа сенім мен көзқарасты қабылдау деп емес, оны жалпы мәдени таным құралы деп қабылдағанда ғана жүзеге асуы мүмкін екендігін аңғардық. Дінтанулық білім адам, қоғам, дүние туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні дәлелденді. Білім берудің зайырлы жүйесінде дінтану пәнін оқыту қоғамда гуманистік және адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Жас жеткіншектерге білім беру мен оларды тәрбиелеуде дінтану пәнінің мүмкіндіктерін, әдіс-тәсілдерін, құралдарын айқындау үшін әдістемелік және педагогикалық модельдерді іске асыру қажет және бұл процесте зайырлылық қағидаты білім беру мазмұнында дінтану пәнін оқытудың әдістемелік негізі болу керек.

А. Қозыбағаров,

Абай Құнанбаев атындағы

Саран гуманитарлық-

техникалық колледжі,

директордың ақпараттық

технологиялар

жөніндегі орынбасары,

тарих пәнінің оқытушысы