Жастарға батылдық, алған бетінен қайтпау тәрізді қасиеттер тəн, бұл әрине жақсы. Бірақ, өкінішке орай, олардың көпшілігі əлемдік діндердің тарихын терең біле бермейді. Бұның себептерінің бірі - қазіргі жастардың діни санасының дұрыс қалыптаспағандығынан болып отыр. Бұл өз кезегінде теріс түсінік қалыптастыруы мүмкін.
Егер, адамдардан діннің не екендігін сұрасаң, көбінесе: «Дін - бұл сенім»,-деп жауап беріп, содан кейін ғана ол неге сенетінін айтар еді. Шынымен де, адамдардың басым көпшілігі дінді сенім деп қабылдайды, әсіресе, кез келген діндар адам өзін дінге сенетін адам деп санайды. Сенім – адамның қоршаған ортаға және ақиқатқа көзқарасын, қарым-қатынасын анықтайтын түсінік, білім, елес, идеялар. Сенім, наным - адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында көрінетін психиканың ерекше күйі.
Діни сенім - «сенімнің» кең түсінігінің бір құрамдас бөлігі ғана, әйтсе де, адамның рухани өмірі үшін ерекше маңызды екені даусыз. Дін – халық мәдениетінің рухани негізі, баға жетпес құндылығы. Оның қоғамда алатын орны зор және ерекше, діні жоқ, яғни, дінсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Тарих қойнауына үңіліп, беттерін парақтасақ, қай ұлттың болмасын, қалыптасуы, даму қарқыны, көркею үдерісі жайында тілі, діні, мәдениеті, өнері, кәсібі мол ақпарат береді. Дін ұзақ жылдар бойы, ғасырлар бойы қалыптасып таралған.
Қазіргі таңда, қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал етуі күшейіп, кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде, діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда.
Әсіресе, қазіргі жастардың мешіттерге баруы, дінге бет бұруы қуантады. Дегенмен әлі де болса ойланатын жайттар жеткілікті. Жастардың қоғамдағы салмағы жоғары. Адамдар білім алу, мамандық таңдау және қоғамда әлеуметтену, негізгі араласатын ортасын құру, рухани қағидаттар мен бағдарын қалыптастыру секілді негізгі әлеуметтік және демографиялық өмірлік кезеңдерінен дәл осы жас кезінде өтеді.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деп ұлағатты сөз айтты. Сондықтан, жастарды тәрбиелеуге, жан дүниесі рухани бай жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлу қажет. Қазақстан Республикасының Діндер туралы заңында көрсетілгендей, Қазақстанда жалпы Орта Азияда дәстүрлі дін екеу: 1. Ислам діні. 2. Христиандық бағытындағы дін. Статистикалық мәліметтер бойынша дәстүрлі дін Ислам дініне бет бұрғандардың саны өте көп. Себебі, Ислам ата-бабаларымыздан бастап бүгінге дейін ұстанып келе жатқан асыл дін.
Біздің мемлекетіміз - Тәуелсіз, зайырлы мемлекет, яғни, қай дінді қабылдаймын десең, өз еркің. Қазір әлемдік үш дін – Ислам, Христиан, Будда діндері бар. Сондықтан, қазіргі қоғамдағы жас ұрпақ арасында жоғарыда аталған діндер туралы мәлімет беріп, ақпарат тарату басты міндет болып табылады. Себебі, оңы мен солың, ақ пен қараны, жақсылық пен зұлымдықты енді ғана ажырата бастап, әлі толық қалыптасып үлгірмеген жас буынға дін туралы түсінік қалыптастыру арқылы оларды теріс жағдайлардан аман алып қалуға болады. Олай деуімізге негіз бар: діннің не екенін, мақсаты мен мұратының қандай екенін жете түсінбегендер түрлі жалған ағымдардың жетегінде кетіп жатыр.
Жалған ағымдар әркез дінге қайшы, ұлттар арасында алауыздық туғызу, тыныштықты бұзу мақсатын көздейді. Демек, бұндай жағымсыз жайттар орын алмауы үшін дінді бұрмалауға жол берілмеуі тиіс.
С.Ақанова,
«Саран қаласының жастар ресурстық
орталығы» КММ басшысы