Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ұстаздар әулетінен шыққан Бекжанова Құрмет Советқызы Саран қаласында ең бірінші қазақ сыныптары ашылғаннан бері қызмет етіп келе жатқан Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Биыл білім ордасында жұмыс істеп, білім саласына сүбелі үлесін қосып жүргеніне – 30 жыл.

Қарқаралы ауданына қарасты Темірші ауылында дүниеге келген Құрмет Советқызының әкесі Совет Бекжанов №14 «Қарағаш» сегіз жылдық мектепте абыроймен жұмыс істеп, 43 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнаған бастауыш сыныптың мұғалімі болған. «Аға мұғалім» атағының иегері. 1993 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі»  белгісімен наградталған. Бүгінде асқар таудай әкенің жолын аяулы қыздары жалғастырып келеді. Солардың бірі – Құрмет Советқызы. Ол 1994 жылы Қарағанды педагогикалық училищені тәмамдап, кейін академик Е.А.Букетов атындағы Қарағанды университетін «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша аяқтаған. 1994 жылдан бастап Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді.

-              Ұстаздар әулетінде дүниеге келгеніме, әке жолын жалғастырып жүргенімді мақтан тұтамын. Әкемнің білімі, ұстанымы, шексіз мейірімі, мәдениеті, ел алдындағы беделі мен үшін үлгі. Сол себепті ойланбастан ұстаз болуға бел будым,- деді Құрмет Советқызы.

Оның қолына түскен ағаш, киіз, тіпті керексіз боп қалған маталардың өзі жаңа әрге бой алып, жаңа дүние болып шығады. Көздің жауын алатын бұйымдардың артында тың ойлар, ұйқысыз түндер мен үлкен еңбек жатыр. Құрмет Советқызына шәкірттерінің әр жеңісі, әр қадамы ыстық.

-              Ұстаз оқушыға «Күн болып көрініп, нұр болып төгілу керек» деп ойлаймын. Ұстаз мейірімді де қамқор және талап қоя білетін болу керек. Ұстаз бен шәкірт арасында ынтымақты қарым-қатынас, ұстаз бен оқушы арасында бір-біріне деген құрмет болу керек. Осы өнер жолында бейнелеу өнерін таңдап, осы мамандықты таңдаған оқушыларым қазір қалалық №7 мектеп-интернатында көркем еңбек, бейнелеу өнерінің мұғалімі болып жұмыс істейді, дизайнер мамандығын таңдаған оқушыларым да бар, - деді бесаспап ұстаз.

Ұстаздың басынан талай қызықты оқиғалар өткен. Ұмытылмас әсер сыйлаған оқиғалардың бірі – оқушыларының ұстаздар күнімен құттықтауы.

-              Кәсіби мерекемізге орай концерттік бағдарламада отырған кезде оқушы қыздарым қоңырау шалып: «Мұғалім, ұлдар төбелесіп жатыр. Тез келесіз бе?» дегенде жүрегім аузыма тығылып, уайымнан отыра алмай шығуға мүмкіндік туа сала, балаларға жүгірдім. Қыздар мені күтіп, мәдениет үйінің артына апарған кезде алдымнан оқушы ұлдарым шыға келіп қолдарында тұрған хлопушканы атып жібегенде аң-таң болып қалдым. Олар мені құшақтап, мерекемен құттықтап жатыр. Қолдарында бір уыс гүлдері бар.  Сөйтсем, бұлар мені алдап, осылай тосын-сый жасап, ерекше құттықтағысы келген. Осындай естен кетпес естеліктерім бар, - деп езу тарта мұғалімдер күнінде басынан өткен  қызықты оқиғасымен бөлісті.

Ұстаз үшін шәкірттерінің сыйластығы әрдайым бөлек. Олардың білімді, өнерлі, жан-жақты болып шығуына аса зер салады. Құрмет Советқызы Шымкент қаласында өткен халықаралық семинар-практикумға да қатысқан, бірнеше жүлделі орындардың иесі. Білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ерен еңбегін жоғары бағалап және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Қарағанды облысының білім басқармасының алғыс хатымен марапатталған. 2015-2019 жылдар аралығында Қазақстанның әр түрлі қалаларына сапар шегіп, педагогтердің білімін арттыру мақсатында «Көркем еңбек» пәнін оқытудың білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курсын жүргізіп, тренер болған. Еселі еңбегі бағаланып, ел алғысына да бөленген. Оның шәкірттері де тек қалалық байқаулардан ғана емес, сондай-ақ, халықаралық шаралардан да құр қол қайтпаған.

Мереке қарсаңында педагог-зерттеуші: «Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіздерге қабілетті оқушылар, қызметтеріңізде шығармашылық тілеймін. Отбасыларыңызда әрқашан бейбітшілік, келісім, қуаныш пен жайлылық болсын», - деп ұлағатты әріптестеріне игі тілегін жеткізіп отыр.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА