Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Таяуда балалар өнер мектебінің шәкірттері Қазақстан Республикасының атом саласы қызметкерлерінің күніне орайластырылған «Жасыл энергия» тақырыбындағы облыстық шығармашылық сурет және қолөнер көрме-байқауына қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап келді.

Қалалық балалар өнер мектебінің шәкірттері өз өнерлерін шыңдаудан жалықпайды. Барлық байқауларға, фестивальдерге бір адамдай қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүреді. Осы жолы да Қарағанды қаласында өткен «Жасыл энергия» тақырыбындағы облыстық шығармашылық көрме-байқауына бірінші рет қатысуға бел буып, бір дегенде бірінші, екінші және үшінші орындарды алып кеткен. Оған мектеп оқушылары, колледж студенттері және қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері  қатысқан.

Тұрғындар бұл көрме-байқауын Қарағанды қаласындағы ең ірі сауда орталықтардың бірі – «Таир» сауда-ойын-сауық орталығынан тамашалай алған. Фойеде түрлі техникалармен салынған көздің жауын алатын оқушылардың жұмыстары қаз-қатар тізіліп тұрды. Шығармашылық атмосферада заманауи экологиялық тың ойлар мен энергия көзін дұрыс пайдалануға бағытталған түрлі жұмыстар мольберттер мен үстелдерге қойылды. Онда кез келген келуші өзіне ұнаған жұмысқа дауыс бере алғаны бұл байқауды өзге шаралардан ерекшелендіре түсті. Себебі әдеттегідей жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасы емес, қарапайым адамдар мен келушілер таңдап, ең көп жиналған смайликтер саны арқылы үздік туындыны анықтаған. Ал бұл шараға мұрындық болып, жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан білім басқармасы мен  «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы болды.

Өнерлі додада қалалық балалар өнер мектебінің бейнелеу өнері сыныбының оқытушылары Фархат Баймагулов пен Светлана Солодкова дайындаған  бес шәкірттің жұмысынан үшеуі елден ерек болып көзге түскен. Олардың шығармашылық жобалары мән-маңыздылығымен, орындау әдісімен және экологиялық тақырыпты нақты жеткізуімен өзгеше бола білді. Осы орайда, әрине, жас суретшілердің жоғары шеберлігі мен талантын атап өткен жөн.

-              Шәкірттерім Шайфлер Дамир мен Вероника Махттың жұмыстары құрғақ пастель техникасы арқылы жасалған. Шейфлер Дамир өзінің жұмысында жаңғырмалы энергия көзі – органикалық қалдықтардан алынатын биомассаны бейнеледі. Суретте биомассадан нәзік жасыл өскін шығады. Ал Вероника Махт болса, өз жұмысында жел энергиясын, яғни, жасыл энергияның негізгі түрін көрсетті, - деді балалар өнер мектебінің бейнелеу өнері сыныбының оқытушысы Светлана Солодкова.

Негізі «Пастель» деген сөздің өзі италияның  «раstа» деген сөзінен алынып, «қамыр» деген мағынаны білдіреді. Кәдімгі түсті қарындаштардан құрамымен ерекшеленеді.  Олармен салынған туындылардың да бояуы қанық түске енеді.

Жас қылқалам шеберлерінің басын қоса білген байқаудың нәтижесі бойынша қалалық балалар өнер мектебінде білім алып жүрген Махт Вероника 3-орынға, Базар Мадина 2-орынға және Шайфлер Дамир 1-орынға ие болды. Жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Өнерлі де дара балаларды, оларға дәріс беріп бар білгендерімен үйретіп жүрген оқытушыларды да марапаттарымен, бағындырған белестерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз көп болсын.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА