Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Кітап оқығанды ұнатасыз ба? Соңғы оқыған шығармаңыз қандай? Саран қаласында қарапайым болмысын сақтап, маңдай термен келген еңбектің жемісін көріп жүрген ардақты жандар көп. Кейде күйбең тіршіліктен демалу үшін әр адам өзінің сүйікті ісімен шұғылданғанды жөн көреді. Бірі тігіс тігіп, тоқыма тоқыса, енді бірі кітап оқығанды әдетке айналдырған.

Саран қаласының қазынашылық басқармасында күзетші болып жұмыс істеп жүрген Хумарқызы Айгүлдің бала кезінен кітап оқуға деген ынтасы ерекше болған.  Өзі Монғолия мемлекетінің тумасы, көп балалы отбасыдан шыққан. Қазақстанға аяқ басып, Саран қаласында тұрып жатқанына 20 жылдан асса да рухани қазынаға деген құлшынысын жоғалтпаған. Ал оған бірде-бір себепкер болған – асқар таудай әкесі.

-              Кітапқа деген қызығушылығым бала кезден болды. Бала кезімізден әкеміз кітап оқытатын. «Кім кітапты көп оқиды, соны қонаққа ертіп барамын»,- деп, өзімнен кейін бауырым, сіңілім үшеуімізді қатар отырғызып, кітап оқытып жарыстыратын. Сол кезден бастап кітап оқығанды жақсы көреміз өзіміз,-деп бізден жылы естеліктерімен бөлісті Айгүл Хумарқызы.

Асыл жар ретінде отбасының ұйытқысы болып, шаңырақтың берекесін кіргізіп,  жастық шағын бала-шағасына, жанұясына арнады. Жолдасы екеуі балаларын ер жеткізіп, аяққа нық тұрғызып, білім беріп, көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар ретінде тәрбиелеп шыққан. Бүгінде ақылын айтып, балаларының тілеуін тілеп отырған аяулы ана, мейірімді әже ретінде өте сыйлы. Жұмыс істеп жүрсе де, сүйікті ісі – кітап оқуды тастап кетпей, керісінше, әрі қарай өз-өзін дамыту үстінде.

Ол үшін Ыбырай Алтынсарин, Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза жазып кеткен шығармалардың орны ерек. Саяхаттап ел мен жерді көргенді көңілі ұнатқаннан тарихи өлкелер жайлы оқығанды жаны сүйеді.

-              Өзіме  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романы ұнайды. Қазір оқып отырған кітабім  белгілі қаламгер Несіп Жүсіпбайұлының «Әкемнің қамшысы» деген туындысы. Негізі әр жазушы – дара. Әр оқыған кітаптан бір түйін түйіп аламыз. Біздің болашағымыз – жастарымыз да үлкенге құрметін, кішіге ізеттілігін көрсетіп, бос уақыттарында кітап оқыса, қазақтың ұлттық аспаптары: домбыра мен қобызда ойнаса нұр үстінде нұр болады, - деп атап өтті қала тұрғыны.

 Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – демекші, көз жетпеген жерге ұшқыр ой жеткізеді. Кітапты таңдай білу, зеректілікпен мұқият талдап оқи білу, өзіне керегін ала білу де – маңызды. Саран қаласының орталық кітапханасына жас буыннан бастап аға буын өкілдеріне дейін тұрақты барып тұратыны көңілді қуантады. Сондай абзал, кітап сүйір жандардың бірі - Алпысбаева Баян Дүйсебайқызы.

Баян Дүйсебайқызы Доскей ауылының тумасы. 1954 жылы бірінші сыныпқа барып,  Қарақұдық ауылында жеті сыныптық мектепті аяқтағаннан кейін Қарағандыдағы №2 мектеп-интернатында оқуын жалғастырған. Бастауыш сыныпта сабақ берген алғашқы ұстазы – Майдаш Айқынбаеваның салып берген ізімен кітапқа деген қызығушылығы оянып жас кезінен мектеп кітапханасынан шықпаған.  1968 жылы тұрмыс құрып, 1975 жылы жолдасын  №61 қалалық кәсіптік-техникалық училищеге  (оны №4 училище деп те атаған, қазіргі Саран техникалық колледжіне)  директор қызметіне жолдамамен шақырғаннан кейін Саран қаласына көшіп келген.  Кейін жетпіс жылдық тарихы бар Саран қаласындағы №4 орта кәсіптік-техникалық училищеде өндірістік оқыту шебері болып 27 жыл жұмыс істеген.  2007 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін өзінің сүйікті істерінің бірі – кітап оқуға деген құлшынысы артып, Саран қаласының орталық кітапханасының тұрақты оқырмандарының біріне айналды.

-              Өзімнің сүйікті қазақ әдебиеті жазушыларының ішінде, әрине, бірінші орында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының алар орны бөлек. Оны 4-5 рет оқып шыққан шығармын. Мұхтар Шахановтың кітаптары, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен өмірбаянын қайта-қайта сүйсініп оқимын, - деп жауап берді Баян Дүйсебайқызы.

Саран қаласының тұрғыны  жастайынан поэзияға, шығармашылыққа жақын жүрген. Ұйықтағанда бас жағында Омар Хайям, Низами,  Әлішер Науаидің кітаптары жататын.  Орыс ақындарының өлеңдерімен, шығармаларымен де таныс. Олжас Сүлейменов, Ғабиден Мұстафин сынды ұлы тұлғаларды көрген. Сәбит Мұқановтың, Шыңғыс Айтматовтың қолтаңбасын алған. Біршама кітаптарды Абай атындағы жалпы білім беретін мектепке және қалалық орталық кітапханаға да тарту еткен. Оның жеке кітапханасынан өзіне жақын деген кітаптарды кезіктіруге болады. Солардың ішінде үш рет оқып шыққан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы да бар.

-              Үйде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кітабы, Тахауи Ахтановтың  шығармаларын 4-5 реттен оқысам да, қайта-қайта оқи бергім келеді. Жасым 77-ге келеді. Бұрынғыдай ауыр кітаптарды жиі оқи бермеймін. Жеңілдеу келген детектив жанрындағы кітаптарды оқимын. Кітапханадан 4-5 кітапты қолыма ұстап шығамын да оны оқып бітіремін. Ұнаса кейде екі реттен оқимын. Кеңес уақытында жазылған кітаптар көбіне ұнайды. Шетелдердің жазушыларын да оқып тұрамын. Шамамен айына 7-8 кітап оқиды екенмін. Егер ұнаса бір күнде 300-400 парақ кітапты оқып бітіріп тастаймын, - деп өз ойын жалғастырды.

Ол үш баланың анасы ретінде жолдасы екеуі балаларына дұрыс тәлім-тәрбие беруге, бойларын білім мен ізеттілікке толытыруға бар күшін салды. Қазіргі таңда немере мен жиендерінің тәтті қылықтарына тоймай, шөбере сүйіп отарған асыл әже ретінде үйдің төрінен орын алып отырса да, бос отырмай салауатты өмір салтын ұстанып, кезінде жүзумен айналысқан, қазір түрлі тәттілерді әзірлеп, кітап оқуға да уақыт тауып отыр. Ұлы тұлғалардың атап айтқанда: Мұхтар Шахановтың, Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяндарын оқығанда еріксіз көзіне жас алады. Сұлтан Бейбарыс жайлы түсірілген қаншама туындыны көрсе де, дәл кітаптан оқығандай әсер алмаған. Ілияс Есенберлиннің, Фариза Оңғарсынованың, Қасым Аманжоловтың туындыларын да ерекше құрметтейді.

Өз ортасында құрмет пен сыйластыққа ие аяулы жан жастарға: «Әрдайым білімді болыңдар, қолда бар мүмкіндікті оңтайлы пайдалана біліңдер», деп жиі айтады. Әлбетте, әлеуметтік желінің тұтқынына айналмай, тағылым мен танымның алтын сандығы – кітап оқуға да шақырады.

P.S.: Қос кейіпкеріміз үшін де кітап – рухани дүниелерінің бір бөлшегі іспеттес. Жас кезінен білім мен ел-жерді тануға ұмтылып, бүгінде асқақ армандарына қол жеткізіп, үлгі-өнегесімен ардақты. «Өзіңді – өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек» - деп ақын Расул Ғамзатов айтқандай, «Жақсы кітап – жан азығы» демекші, рухани мәдениеттілігімізді дамытып, рухани байлығымызды кеңейте берейік.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА