Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

12 қазан күні қалалық «Сұңқар» стадионының алаңында Қарағанды облысының тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарының қатысуымен дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Биыл жәрмеңкеге Қарағанды облысынан келген 50-ден астам өкіл қатысып, өз өнімдерін нарықтағы бағадан анағұрлым төмен бағамен сатты. Олардың қатарында Саран қаласына бірінші рет келген кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары да болды.

- Мен Новодолинка кентінде тұрамын. Гүлдермен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Біз жәрмеңкелерге шығып тұрамыз, алайда Саран қаласына бірінші рет келуіміз. Өзімізбен шамамен 10 гүл түрін әкелдік, - деді Новодолинка кентінен келген Поздеева Нелля.

Сауда таңсәріден қызу басталып, азық-түлікке, сүт өнімдеріне, жылқы, сиыр, қой, тауық еттеріне деген ұзын-сонар кезек қалыптасты. Жәрмеңкеде көбіне ұнайтын «Нәтиженің» сүт өнімдерінен бастап, тұрмыстық тауарларға дейін болды. Барлық өнімдерді тұрғындар сатып алмас бұрын ең алдымен тексерістен өтеді.

- Біз жыл сайын жәрмеңкеге қатысамыз. Мұндағы барлық өнімдер ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтеді, барлығы тексеріледі, - деді Саран қаласының ветсанэкспертиза зертханасының ветеринар дәрігері Рыскуль Сакимава.

Сонымен қатар, дәруменге бай көкөністер мен жемістердің түр-түрі қолжетімді бағада сатылды. Қолдың сары майы мен жылы шәлілер де ел назарына түсті.

- Жәрмеңкеде 10 тоннадан астам ет, 3 тонна сүт және азық-түлік өнімдері, 30 тоннадан астам көкөністер мен жемістер ұсынылды. Күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері Саран қаласының тұрғындары мен қонақтарына сапалы табиғи өнімдерді нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алуға, қысқа қор жасауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Думан Алимжанов.

Әсіресе, сол күні жұмыртқа мен етке, пиязға деген сұраныс жоғары болған. Осындай шара арқылы қала халқы қалтаға салмақ түсірмейтін бағаға азық-түлік сатып алып, дән риза.

- Жәрмеңке жақсы өтіп жатыр деп есептеймін. Азық-түлік көп, бағасы арзандау, халыққа ыңғайлы,- деді Саран қаласының тұрғыны Үмітжан Баймағамбетова.

- Бүгінгі жәрмеңке жақсы өтіп жатыр. Қой еттері арзан. Қой етін, тауық жұмыртқасын алдым. Барлығы жақсы, бәрі арзан бағада,- деп пікірін білдірді Саран қаласының тұрғыны Алтынай Нукич.

Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Думан Алимжановтың айтуы бойынша, келесі жәрмеңкені 9 қараша күні өткізу жоспарлануда.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА