Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің шығармашылық кеші көпті рухани құндылығымен, мазмұнды қойылымымен тәнті етті.
11 қазан күні Республика күні мерекесіне және Саран қаласының 70 жылдық мерейтойына орай қалалық мәдениет үйінде Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің «Мәңгілік ел мұрагерлері» атты шығармашылық кеші өтті. Мектеп ұжымы бұл кешке сақадай сай болғаны сахнаға алып шыққан жас Абайдың монологынан-ақ көрінді. Мәнерлеп оқудан бөлек, жанды дауыста қобыздың үні естілгенде көпшілікті басқа әлемге алып кеткендей сезім сыйлады.
- Шығармашылық кешке мектебіміздің бар жан-жақты өнерлі балаларын дайындадық. Оған шамамен бір жарым жұмадан артық уақыт кетті. Мектеп қабырғасында үнемі шығармашылық кештер, атаулы күндерге мерекелік іс-шаралар өткізіп тұрғандықтан балаларымыз шыныққан, - деді Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Лаура Амангельдиева.
Білім алушылар қазақ әдебиетінің шоқтығы биік, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыса, 11-сынып оқушылары шеберлігі мен икемділігін көрсетіп бірінші рет «Көлеңкелі театр» қойылымын қойған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының еңбекқорлық және кәсіби бейімділік бағыты аясында бастауыш сынып оқушыларының мамандық әлеміне саяхат жасауы елден ерек болды. Би өнері арқылы мектеп пәндеріне, үйірмелері мен жобалары әдемі жеткізілді. Тіпті Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Жайнагүл Мухархан және Құрмет Бекжанова он сегіз балаға арнайы осы шараға деп өз қолдарымен киім тіккен.
Сондай-ақ, Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте музыка пәнінің мұғалімі, «Креатив» вокалды-аспаптық ансамблінің жетекшісі Аян Тажимуликов жанды дауыста гитараның сүйемелдеуімен арнайы Саран қаласына арнап «Таңғы қала» әнін айтқанда сахнаның қақ ортасында қаланың көрікті жерлеріне бай оқушылардың еңбегімен жасалған бейнеролигі көрсетілді. Ал бастауыш сынып мұғалімі Айым Қанапиянова болса «Қазақстан» әнін сахнаға алып шыққанда, дүйім жұртты әп-сәтте жігерлендірді. Жас домбырашылардың өнері тіпті бөлек. Құлақтың құрышын қандырды. Информатика пәнінің мұғалімі Исатай Заманай көпшілігі сүйіп тыңдайтын «Атамекен» әнін орындағанда қалың көрермен орнынан тік тұрып қошеметін көрсетті.
Ұстаздар мен оқушылар бір адамдай дайындаған шығармашылық кешті тамашалаған көрермендер де ду-қол кошеметін аямады. Барлығы жақсы көңіл-күйге еніп, алғысын білдірді.
- Кешке көрермен болып келіп отырмыз. Көңілімнен шықты, өте қатты ұнады. Өз мәресінде өтті. Жақсылықтар бола берсін, жақсы күнде кездесейік, - деп Саран қаласының тұрғыны Алтынай Мұхтарова алған әсерімен бөлісті.
Шара соңында Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директордың міндетін атқарушы Гүлден Серикова сахнаға шығып: «Абай атындағы жалпы білім беретін мектебіміздің шығармашылық концерті жоғары деңгейде өтті. Осындай таңдай қақтыратын шараның өтуіне атсалысқан ұстаздар қауымына, оқушыларына, мектеп әкімшілігіне оның ішінде шығармашылық кештің басты сценарийін құрған Лаура Әскерқызына шексіз алғысымды білдіремін. Бүгін мектеп ұжымының бірлік-берекесін ту етіп көрсете білдіңіздер» дей келе, барлық қатысушыларға, көмек қолын созған жандарға ризашылығын жеткізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА