Бүгін: 30.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Саран қаласының кейбір көшелерінде ескі қоқыс тастайтын контейнерлер жаңартылмақ.  Жаңа форматтағы контейнерлер өзінің көлемі мен ыңғайлылығымен артық.

Қала келбеті тек сәнді әрі сәулетті үйлерімен, жайқалып тұрған жасыл желекті саябақтарымен өлшенбейді. Саран ажары оның тазалығына байланысты. Бұрын республика бойынша 70 жылдық тарихы бар қала «ең таза» болып есептелген.  Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау бұл тек қана санитарлық талап қана емес, жоғары мәдениеттіліктің белгісі.

Елімізде жыл сайын қақаған қысқа дейін күз айында, жайма шуақты көктемде сенбіліктер ұйымдастырылып тұрады. Алайда қоқыс-қалдықтардың санында шек жоқ.  Кейде адамдардың өзі шайнаған сағызын, қолында тұрған қағазын, бананның қабығын көрінген жерге тастап, артынан жинамай кетеді. Тіпті, урналарға жетпей орта жолда қалдырып кететіндері де баршылық. Саранның кейбір аула алаңдарында арнайы пластик, қағаз, шыны секілді қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер де бар, алайда оны да дұрыс қолданып жүргеніміз шамалы. Әр қала – тазалық мәдениеттілігінің сақталуына аса мән береді.  Қоғамдық жерлерден бастап әр тұрғын өз ауласына ұқыптылықпен қарап отырса, ең алдымен тұрғындардың өздеріне таза жермен жүру, таза жерде отыру жайлы болмақ. Осы бағытта Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қоқыс алаңдары, жеке және көпқабатты тұрғын үйлердің жанындағы қоқыс үйінділерін шығару жұмыстарын  жүргізіп келеді.  Сондай-ақ, автомобиль жолдары мен скверлерді күтіп ұстау шеңберінде автожолдарды, аялдама павильондарын, жаяу жүргіншілер жолы мен скверлерді тазалау жұмыстары тұрақты түрде назарда. Әрі осы жылы рұқсат етілмеген полигондарды жою бағдарламасы аясында 72 рұқсат етілмеген полигондарды жою бойынша жұмыстар жүргізілген. Бізге берген мәліметтерге сүйенсек, осы уақыт аралығында 12 750 тонна қоқыс шығарылды.

Сонымен қатар, қала тұрғындарын мазалап жүрген тағы бір мәселенің шешімі табылғандай. Биылдан бастап аузы-мұрны қоқыс-қалдықтарға толып тұратын, қатты жел соқса жан-жаққа  қоқыстары ұшып кететін ескі контейнерлер диаметрі 2 метрге, биіктігі 3 метрге жететін жерге тереңдетіліп орнатылатын контейнерлермен жаңартылмақ. Жоспарға сәйкес, тамыз айынан бастап 5 алаң көлемінде тереңдетілген қоқыс алаңдарын жайластыру жұмыстары қолға алынған.

-              Жер асты қоқыс контейнерін таңдаудағы басты мәселе – үнемділік. Арнайы салынған резервуар 2 м3 аумақты алып жатқан кезде 5 м3 қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтайды, бұл тұрғын үйдің ауласындағы орынды айтарлықтай үнемдейді,- дейді Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Айдын Мұқтар.

Бүгінде тереңдетілген контейнерлер – қалдықтарды жинаудың заманауи жүйесі. Қоқыс контейнерлерін заманауи контейнерлерге ауыстыру да ең бірінші кезекте қала тұрғындарының жайлылығын арттыруға бағытталған.  Мамандардың айтуынша, мұндай жер астына кіріп тұратын қоқыс жинау жүйесін орнатқан жағдайда: көлік шығыны азаяды, контейнерлердің қолдану аясы да ұзартылады, қасына қосымша элементтер орнату қажеттілігін талап етпейді, сыртқа иіс шығартпайды, дизайндық тұрғыдан алып қарағанда да қолдануға ыңғайлы болады.

Енді «Көлемді контейнерлерден қалай қоқыс-қалдықтары шығарылады? деген сұрақ көптің көкейінде жүр.

Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, резервуарда қалдықтар жиналатын және сақталатын арнайы қап болады. Бұл манипуляторы бар қоқыс таситын машинаның қатысуымен қоқыс жәшігін тез тазартуға мүмкіндік береді. Осы орайда оның үнемділігі мен ыңғайлылығын атап өткен жөн. Оның бір өзі 5 қарапайым қоқыс багын алмастыра алады. Ондағы резервуардың көлемі 5000 л жетеді. Қызмет көрсету персоналының саны да 3 есеге, қажетті техниканың саны 2 есеге азаяды, жанармай шығыны 40% - ға қысқарады. Әрі заманауи контейнерлер мерзімді бояу мен дәнекерлеуді қажет етпейді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА