Елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні атап өтіледі. Осы күнге орай Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және анықтау бойынша әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп жүрген Айнагүл Маутханқызы Балмағанбетовамен тілдесудің сәті түсті.
Оның балалық шағы Қарағанды облысы, Тельман ауданындағы Ақтау кентінде өткен. 1971 жылы жанұясымен кіндік қаны тамған жерден көшіп, Саран қаласына аяқ басты. №3 орта мектепте сауатын ашып, сегізінші сыныптан кейін Абай атындағы педагогикалық училищеге (бұл қазіргі Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжіне) түскен. Еңбек жолын да өзі оқыған №3 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Кейін жан қалауымен 2016 жылы әлеуметтік жұмыс саласына бет бұрды. Ең алдымен Қарағанды облысы Саран қаласының психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінен бастап көріп, кейін 2021 жылдан бері Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және анықтау бойынша әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп келеді.
- Шыны керек, ұстаз боламын деп ойламағанмын. Ал әлеуметтік қызметкер болу – бұл енді менікі десем болады. Мен үшін бұл жай ғана мамандық емес. Әлеуметтік жұмыс оған мұқтаж және қазіргі уақытта әртүрлі жағдайларға байланысты туындаған өмірлік жағдайды өз бетімен жеңе алмайтын адамдарға көмек көрсетуден тұрады. Әлеуметтік жұмыс – бұл қарым-қатынас орнату және адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту, - деді Айнагүл Маутханқызы.
Кез келген жұмыста біліктілік пен мол тәжірибе бағаланады. Ал дәл осы бағытта жылдар бойы жиналған қабілеттен бөлек, әрдайым жаңа дүниені оқып-танып білуге, жаңа жобаларға, жаңа ақпаратты қабылдап, оны меңгеруге үнемі дайын болу керек.
- Маған жұмысым өте ұнайды. Өйткені сіз қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектесесіз және олардың көмекке деген қайтарған жауабын көресіз. Бұл жерде, әрине, осал адамдармен жұмыс істеу қиын. Сол себепті ізденіс үстінде, жаңа білімді меңгеруге ашық болуымыз керек. Бір жағынан адамның ішкі дүниесін де ұмытпау қажет, - деп ардақты жан ойын толықтырып кетті.
«Ардақты» деуіміз де қате емес. Себебі Айнагүл Маутханқызы өз ортасында сыйлы, әріптестеріне бағалы және екі балаға өмір сыйлаған аяулы ана. Балалары қазір есейіп кетсе де, аналарына деген сүйіспеншілігі, мейірімділігі, махаббаты шексіз. Екі ұлы да Саран қаласында дүниеге келіп, білім алған.
- Саран қаласы қазір әдемі және одан да жайлы болып келеді. Стадион жаңартылды. Стадионның жанындағы алаңда мерекелер әрдайым өткізіліп тұрады. Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің жанына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевқа ескерткіш қойылды. Оған бәріміз де қуандық. Осы орайда алда келе жатқан кәсіби мерекемізбен, әлеуметтік қызметкер күнімен әріптестерімді құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, махаббат, амандық тілеймін! Жүрегіміз мейірімге, жанарымыз бақытқа толы болсын, - деп кейіпкеріміз әріптестеріне деген ізгі тілегін арнады.
Көмекке мұқтаж жандарға кез келген азамат назар аудара бермейді. Ал әлеуметтік қызметкер болса, сондай жандарға көмек қолын созатын жан. Әлеуметтік салада қызмет ету оңай емес, алайда олардың қызметі қоғам үшін өте қажет.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА