Бүгін: 08.01.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бұл өмірде адам екі нәрседен қателеспеуі тиіс. Бірі – мамандық таңдаудан болса, енді бірі – жар таңдаудан. Осы орайда Саран қаласының тұрғыны Әуез Дамасхаанұлы екеуінен де қателеспей, дөп түскен бақытты жандардың бірі.

Моңғолияның Ұлан-Батыр астанасында дүниеге келген Әуез Дамасхаанұлының алаңсыз күндерге толы балалық шағы Жаңаарқа ауданында өтті. Саран қаласына аяқ басқалы оның өмірі жүз сексен градусқа өзгерген.

-              Отбасыммен бірге 7-8 жасымда  Жаңаарқа ауданына көшіп келдік.  Сол жерде сауатымды ашып, оқу оқыдым.  Мектепті бітірген бетте ойланбастан борышымды өтеуге шешім қабылдап, Қостанайға әскерге кеттім. Кейін Жаңаарқа ауданына оралып, бірден қызу тірлікке кірісіп, түрлі жұмыстардан өзімді көрдім. Ал Саран қаласына 2009 жылы келдім, - деп өмірдің бір кезеңімен бөлісті Әуез Дамасхаанұлы.  

Саран қасына келгелі «Екі қолға бір күрек» табылар деген оймен Саран қаласы әкімдігі Саран қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Саранкоммунсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынына барып, слесарь болып жұмысын бастаған. Онда қолына алатын 25 мың теңге ғана. Күн көру үшін, отбасын асырау үшін кей кездері бір емес үш жұмысты да қоса алып жүруге тұра келген. Бір күн болса да тыным таппай, аяққа нық тұруға әрдайым талпынған. Кейін 2016 жылы су құбыры желісі учаскесіне шебер болып ауыстырылды. Жұмысқа  тұрғанына биыл 15 жыл.

-              Біздің жұмыс – оңай жұмыс емес. Қыста – суық, жазда – ыстық.  Түннің бір ортасында, демалыс күндері болсын жұмысқа шапқылап кетеміз. Адам баласы бәріне үйренеді екен. Жұмысым таңғы сегізден басталады да, кешке бірақ қашан аяқталатынын білмейміз.  Себебі кейде  22:00-ға дейін, тіпті, түнгі екі-үшке дейін жұмыс істейміз. Әрине, ерте қайтатын күндеріміз де боп тұрады. Өзіме жұмысым ұнайды. Себебі бір күнім екінші күніме ұқсамайды. Бұл жұмысты істеп көрген, бар ауырлықты сезінген адам ғана шын бағалай алады,- дейді өз ісінің шебері.

Әуез Дамасхаанұлы үшін Саран қаласы – дамып келе жатқан қалалардың бірі. Он бес жыл ішінде оның көз алдында көшелер асфальтталынып, жаңа үйлер салынды, сыртқы ажары да түрлене түскен. Ал оның балалық арманы әскери қызмет еді. Алайда бұл жұмыста істеп жүргеніне ешқашан өкінбеген. Керісінше, мамандық таңдаудан қателеспегенін айтып отыр.

-              Мен 2009 жылы жұмысқа келген кезде су құбырларының шамамен 85 пайызы ескі болды. Кейін бағдарламалар жүргізіліп, қазір әр көшелерге трубалар тартылып жатыр. 2009 жылмен 2024 жылдың арасын салыстырсақ, қазір Саранда көптеген трубалар ауыстырылды. Ескілері алынып, жаңалары бірте-бірте іске қосылуда, - деп сөзін жалғастырды. 

Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, сондай-ақ бір әулеттің отағасы. Оған отбасының амандығы, жан дүниесінің байлығы бәрінен қымбат. Сүйіп қосылған жары Көпдәулет Әлемгүлмен шаңырақ көтеріп, төрт баланың ата-анасы атанып отыр. Тұңғыштары - 12 жаста болса, кенжелері 4-те. Үйдің арқа сүйері, қамқор әке ретінде балаларына әрдайым «Еңбекпен тапқан нан тәтті», «Ерінген адам – ешқандай мақсатқа жетпейді» деп жиі айтып отырады. Отбасылық құндылықтардың дәріптелуіне, әдеп пен салт-дәстүрдің сақталуына да аса зер салады.  «Бүгінгі бала – ел болашағы» демекші, олардың келешегі жарқын болуы үшін ешқашан аянып қалмаған. Әрдайым ізденіс пен еңбек жолында жүреді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА