Тәуелсіз мемлекет экономикасының темірқазығы, ол төл валютасы.
Қай елдің болмасын валютасы мемлекеттің тарихын тікелей баяндайды, заманауи саяси-экономикалық жағдайын және жаһандық дәрежесін сипаттайды. Оларсыз мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру мүмкін емес, мемлекет ішіндегі қаржы операцияларының бірін де орындай алмайды.
Теңгенің тағдырын айқындаған ресми құжаттардың кейбіріне көз жүгіртсек, 1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Президент Жарлығы шықты. Бұл Жарлықта «...Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8:00-ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілсін; 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Ұлттық валюта тәуелсіздігіміз бен дербестігімізге тікелей әсер ететін негізгі фактор болғандықтан, еліміздегі барлық банк операциялары мен сауда-саттық теңгемен жүзеге асырылады. Бүгінде Ұлттық банк өзінің негізгі міндеті – ұлттық валютаны тұрақтандыру, яғни инфляция қарқынын бәсеңдету және бағамды тұрақтандырумен айналысуға мүмкіндік алып отырғаны белгілі. Мемлекетіміздегі қаржы операциясының барлығы теңге арқылы жүзеге асырылатындықтан, оның бағамы күн сайын басқа мемлекеттер валютасымен нақтыланып, тікелей экономикалық өсімді қамтамасыз етуде.
Бүгінгі таңда Ұлттық банктің инфрақұрылымында цифрлық биометриялық идентификациялау қызметі сәтімен іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Ұлттық валютаның цифрлық формасы офлайн төлем технологиясын іске асыруға мүмкіндік береді. Цифрлық валютаны қолдана отырып қолма-қол ақшасыз төлем әдістерімен – интернет-эквайринг, мобильді қосымшалар, POS-терминалдар, QR кодтар және т.б. арқылы төлей алады. Цифрлық теңге ұлттық төлем жүйесінің бір бөлігіне айналды.
Ел тарихында мемлекет мәртебесін өсіру мен экономикасының нығаюы жолында ұлттық валютамыз - теңгенің орны ерекше. Ұлттық теңге - тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің белгісі, Қазақстанның жаңа тарихы мен болашағының толыққанды бөлігі.
Ф. Несипбаева,
Саран қалалық қазынашылық басқарма басшысының орынбасары