Қалалық «Сұңқар» стадионында атақты футболшы, Ұлттық құрамадағы матчтар саны бойынша рекордшы, алты дүркін ел чемпионы, бес дүркін жүлдегер және Қазақстанның төрт дүркін үздік футболшысы Самат Смаков футболдан мастер-класс өткізді.
Оған салауатты өмір салтын насихаттап жүрген қаламыздың жас футболшылары қатысып, Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен «ALAÑ» жобасы аясында жаңадан төселген футбол алаңында бірінші рет жаттығу жасап көрді.
- Мен «ALAÑ» жобасының амбассадорымын. Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінде балаларға шеберліктерін шыңдап, тамаша жағдайда жаттыға алатындай, армандарына бір табан жақындату үшін осындай керемет футбол алаңдарын ашып жүрміз. Әркімнің кәсіби футболшы болуды армандайтынына сенімдімін, - деді белгілі футболшы Самат Смаков.
Футбол алаңына УЕФА-ның барлық халықаралық талаптарына жауап беретін итальяндық «Safitex» компаниясының заманауи көгалы төселінген. Оның сапасы да жоғары. Бұл алаңда жаттығып көрген ойыншылар да допты жүргізу, бір-біріне доп шығару әдіс-тәсілдерді жасау едәуір ыңғайлы әрі жайлы екенін өздері сезініп көрді. Олармен бірге Самат Смаков та ашық жаттығу өткізіп, ойын барысында таптырмас бірнеше құнды кеңестерімен, кейбір қырларымен бөлісті.
- Мен «Енисей» әйелдер футбол командасының және Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысымын, осындай әдемі футбол алаңы үшін рақмет айтқым келеді. Бұл жобаның бүкіл Қазақстан бойынша жалғасын тапқанын қалаймын. Бұл балалар мен жасөспірімдердің, сондай-ақ, ересектер футболын дамытуға қосқан үлкен үлес. Өз басым 2009 жылдан бері футбол ойнап келемін. Осында өзімнің алғашқы жолымды бастадым, - деп атап өтті жерлесіміз, талантты футболшы Анастасия Низамутдинова.
Жаңартылған алаң жас футболшыларды дайындауға және бұқаралық іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндіктер сыйламақ. Түрді деңгейдегі спорттық жарыстардың өтуіне де септігін тигізбек.
Қызу тартысқа толы мастер-класстан соң демеушілер тарапынан естелік сыйлықтар мен футбол доптары сыйға тартылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА