Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Самғатқан сан қыранды Алтын ұям! Дәл осындай атаумен қалалық балалар өнер мектебі өзінің 65 жылдық мерейтойын  дүркіретіп атап өтті.

Қалалық балалар өнер мектебінің тарихы 1959 жылдан басталады. Осы уақыт аралығында талай жас өреннің бағын жағып, дарындылар мен таланттардың шығармашылық мекеніне айналған өнер мектебінің жасаған еңбегі, жеткен жетістігі аз емес.  7 қараша күні оқу ордасының көптен күтпен ұлы тойы бар сән-салтанатымен атап өтіліп, мазмұнды бағдарламаға қанық төрт бөлімнен құралды.

Ең алдымен қара шаңырақтың  қабырғасында қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, білім ұйымдарының қызметкерлерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті.  Оны өзінің алғы сөзімен қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев ашып, өнер мектебін мерейтойымен  құттықтады. Келесі болып сөз алған Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айгүл Калмагамбетова өнер мектебіне деген ең ізгі тілегін арнады. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында айтқан ұлттық құндылықтарға тоқталып, ««Біртұтас тәрбие» тәрбие бағдарламасын іске асыру тетіктері» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Ал «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Бекбосын Жайдарман болса, «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми - практикалық орталығымен Қарағанды облысының қосымша білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысы мен жоспары туралы  баян етті. Тағылымды шараның екінші бөлімінде балалар өнер мектебінің  «Шежіресі сырға тұнған мектебім» атты презентациясы назарға ұсынылып, өнер орданың қалыптасу тарихынан сыр шертілді.

Салтанатты кештің қалған екі бөлімі қалалық мәдениет үйінде әдемі жалғасын тапты. «Мектеп – ғұмыр» атты көрмеде қаз-қатар тізіліп тұрған оқу орданың дарынды оқушыларының өнері әрбір қонақтың жүрегінен орын алды. Екінші қабатта өтіп жатқан оқытушылардың шеберлік сабағы шара қонақтарын одан сайын қызықтыра түсті.  Себебі дәл олардың көз алдарында ақ парақтың бетіне күздің әсем пейзажы, хас сұлудың портреті пайда болып, қарапайым ақ мата кестелі орамалға айналды.

-              Қазір мен құрғақ пастель техникасын пайдала отырып, күзгі пейзажды жасап отырмын. Бұл техника - өте жарқын, нәзік ерекше материал. Жұмыстар түрлі-түсті және өте қанық боп шығады, - деп 20 жылдық тәжірибесі бар балалар өнер мектебінде бейнелеу өнері сыныбының оқытушысы  Светлана Бейсекеева күздің мизам шуағы бейнеленген сәтті аппақ қағазға түсірді.

Шеберлік сабақтарды көрген әр келуші жұмыстарға тамсана қарады. Тіпті, қызығушылық танытып, өздері де оқытушылардың көмегімен айбат дүниенің шығуына атсалысып көрді.

-              Саран қаласының балалар өнер мектебін 65 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Шын жүректен шығармашылық табыс тілеймін. Шараның өзі өте керемет әсер қалдырып жатыр. Біз өнер мектебімен көп жылдар бойы тығыз жұмыс жасап келеміз. Әлеуметтік желі арқылы балалардың шетелге шығып жатқанын көремін. Осылай біздің ұлттық аспаптарымызды шетелде жаңғыртып, дүниежүзіне танытып жатқанына өте қуаныштымын,- деп алған әсерімен бөлісті «Колобок» бөбекжайының директоры Айнұр Абилова.

Шеберлік сабақтардан соң басталған мерейлі мерейтойда алғаш болып сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев: «Сіздер біздің қаламыздың мәдени өмірінің дамуына зор үлес қосудасыздар. Балалардың бойына шығармашылық қабілеттерге, әдемі эстетикаға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеудесіздер. Бүкіл білім беру қоғамдастығы атынан сіздерге еңбектеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз»,-дей келе Қарағанды облысы білім басқармасының құрмет грамотасымен білім беру саласын дамытуға қосқан мол үлесі мен педагогикалық қызметте шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, біліктілік танытқаны үшін балалар өнер мектебінің директоры Толқын Мусалиеваны марапаттап, қаржылай сертификат табыс етті. Сондай-ақ, балалар өнер мектебіне еңбегі сіңген, 25 жыл басшылық жолындағы шеберлігі мен кәсіби біліктілігі үшін Кожухова Зәуреш Алтынбекқызы мен 15 жыл басшылық еткен Нұрсафина Күләш Құралқызын қалалық білім бөлімінің алғыс хатымен марапаттады. Әрдайым шығармашылық шыңнан көрініп жүрген оқытушылардың еңбегі де еленіп,  Қарағанды облысы білім басқармасының құрмет және алғыс хаттары, Саран қаласы білім бөлімінің құрмет грамоталары салтанатты түрде табысталды.

-              Мектебімізде балалар 16 мамандық бойынша білім алады. 70-ке жуық ұстазымыз бар. 1200-дей оқушы оқып жатыр. Музыка, хореография, актерлік шеберлік және көркемсурет бағыттары бойынша жұмыс жасаймыз. Осы уақыт аралығында шамамен 2500-ден астам түлек түлеп ұшты. Бүгінгі күні мектебіміз даму үстінде. Жаңа-жаңа  технологияларды қолданып, балаларға жаңа бағытта білім беріп жүрміз. Жылдан-жылға материалдық базамыз да дамып, мектебіміз көркейіп келе жатыр, -  деп атап өтті балалар өнер мектебінің директоры Толқын Мусалиева.

Қала әкімінің міндетін атқарушы Мақсат Қайрешовтің құттықтау сөзін оқыған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Ғалия Туртбаева да сырлы Саран қаласының 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген өнерлі шаңырақтың 65 жылдығымен құттықтай отырып, білім беру жүйесіндегі жоғары кәсібилігі, белсенді азаматтық ұстанымы үшін өнер мектебінің қызметкерлерін Саран қаласы әкімінің құрмет және алғыс грамоталарымен марапаттап, өнер ордасына қаржылай сертификат табыстады.

-              Бұл марапат күтпеген жерден болды. Мерейтойлық жылда қала әкімінің атынан осындай жоғары награда алу –  үлкен мәртебе. Бір жағынан, бұл мен үшін өте ерекше сәт. Өйткені менің ата-бабаларым мектептің ашылуына үлес қосқан. Сол себепті  марапат алғаныма өте қуаныштымын, - деді фортепиано сыныбы бойынша оқытушы және кәсіподақ комитетінің төрағасы Татьяна Шулейко.

Одан бөлек «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нүркен Ашықбаев мектеп ұжымына шығармашылық табыс тілей отыра алғыс хат табыстады. Ал Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айгүл Калмагамбетова бірқатар оқытушыларды Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының құрмет және алғыс грамоталарымен марапаттады.  Келесі болып сахна төріне шыққан білім қызметкерлерінің жергілікті «Білім» кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алия Жамбеисова мен қалалық білім беру саласы кәсіподағының төрағасы Әйгерім Акпарова жылы лебізін білдіріп, сый-сияпаттарын берді.

Ленин даңғылындағы шағын ғана  жерден бастау алған өнер мектебі бүгінде үлкен ордалы өнер ұжымына айналды. Жыл сайын мектеп шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, қаламыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып келеді. Мектеп түлектері де жоғары оқу орындарында білім алуын жалғастырып, өнер әлемінде қанаттарын кеңге жаюда. Бүгінде балалар өнер мектебінің дарынды түлектері көпті өнерімен тамсандырып жүр. Арнайы мерейтойлық концертке де өнер мектебінің шәкірттері: Нұрланов Диас, Алиев Манас, Молдабаева Айша, Еримов Алихан, Нұрмаханов Ақжол, Абжатова Ажар, Тоқсанова Толғанай, Сәулет Мәди келіп, музыкалық құттықтауын тарту етті. Сондай-ақ  шараға облыстық мәдени ошақтарда өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетті дәріптеп, ұлттық өнерді асқақтатып жүрген домбырашы Қайрат Омаров пен кларнетші Қасымов Қайыржан қатысып, қуанышты күнде қолдауын көрсетті.

Бұл көптің есінде сақталатын мерекелік шара бүгінде тарих бетінде қалатын ерекше сәт. Бұл күні Қарағанды облысының балалар шығармашылығын дамытуға зор үлес қосқан ұстаздардың мерейі артты.  Оқытушылар бір адамдай дайындаған кеш те жоғары деңгейде өтіп, бір деммен тамашаланды.  Көрермендер көпке дейін қол соғып, қошеметін көрсетті.

 Дина ӘБДІҒАЛИЕВА