Бүгін сіздердің назарларыңызға ұлттық салт-дәстүрлердің жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлі туралы ұсынбақпыз. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік тарихи тағылымы бар.
Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихты елестету мүмкін емес. Жалпы халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. «Бала бауыр ет», «балалы үй базар» депхалқымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұрпағына «бесік жыры» арқылы сіңіріп отырған. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қай кезеңге болсын, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше саналған. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен мәдени мұрамыз арқылы халық әр кез өзін-өзі тәрбиелеп отырады.
Балалардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіре отырып, ата дәстүрін танып білуге, ардақтауға, құрметтеп мақтан тұтуға тәрбиелеу – басты мақсатымыз.
Көш басын өркениет жолына біржола бұрған екенбіз, сол ұлы көшті адастырмай алға апарар ұрпағымыздың нұрлы болашағы мен бағыт-бағдарын айқындап алғанымыз жөн. «Өткен уақыт үнсіз мүлгиді, келер уақыт баяу жылжиды, ал бүгінгі күн құйындай ұйтқиды» деген қанатты сөз бар. Бұл үшін де парық - парасат, білім - білік, ерік - жігер, керек емес пе? Ұрпағын сүйген баба ғана қасиетті, Отанның болашақ азаматына: «Тарихыңды зерделе, аға ұрпақтың саған деген аманаты - ерлік, тәрбие алар сәтіңді бос жіберіп, қапы қалма», - деген.
Тарихты зерделеу арқылы біз ұрпағымызға Отанымыз бен халқымызға шексіз берілгендік қаһармандық патриотизмнің шынайы сабақтарын аламыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, мәдениетті, саналы, елім, жерім, дейтін өз елінің нағыз азаматтарын тәрбиелеу үшін, ата - ана мен жастар бірігіп, ынтымақтаса отырып, білім ордасындағы тәрбие үйде жалғасын табатындай етіп ұйымдастыра білгеніміз жөн. Халқымыз өскелең ұрпақ тәрбиесінде ұлттық игіліктер мен азаматтық құндылықтар, рухани мұралар сабақтастығын сақтауды мақсат тұтқан. Салт – дәстүріміз тек кітап беттерінде ғана жазылмай жастарға кеңінен насихатталып, күнделікті тұрмыста қолданылатын болса қазіргі жаһандану заманында өз ұлтымызды халық ретінде, мемлекет ретінде сақтап қалуға жәрдемін тигізері сөзсіз. Байыбына барсақ қазақ салт – дәстүрі тұнып тұрған рухани байлық.
Салт-дәстүрімізді зерттей отырып ұлтымыздың ежелгі замандардан бастап ешкімнен кем емес, терезесі тең болғандығын көреміз. Бұл өз кезегінде отансүйгіштік сезімді шыңдауға көмегін тигізері хақ. Әрбір жеткіншек өз халқын сүйсе, салт-дәстүрін құрметтесе, ата – бабаларымыздан мұра болған асыл дінімізді ұстанса, тарихымызды ешқандай бұрмалаусыз қазақы сарынмен оқыған болса, ондай азаматтарымыз елінің-жерінің, отанымыздың болашағын ойлайтындығы сөзсіз. Менің ойымша, болашақ жастардың қолымызда. Сол себепті де жастардың тәрбиесі, алға қойған арман - мақсаттары маңызды деп есептеймін. Бұл әлемді көркейтетін де жастар деп сенемін. Ата - бабаларымыз үшін өнегелі ұрпақ тарбиелеу басты міндет болған. Ал менің ойымша өнегелі жастар тәрбиелеу салт-дәстүрдің қолында. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – халқымыздың асыл қазынасы, ұлттық айнасы. Бізге аманат болған ұлттық құндылықты көзіміздің қарашығындай сақтап, оны құрметтеу және болашақ ұрпаққа үлгі ету – біздің басты міндетіміз.
Қорытындылай келе айтқым келетіні, салт-дәстүр біздің өміріміздің ажырамас бір бөлшегі. Оны дәріптеп, насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің қолымызда дей келе өз тәжірибиеммен бөліссем. 2008 жылдан бастап «Саран қаласының Мәдениет үйі» КМҚК жанынан орналасқан «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде бүгінгі таңға дейін Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж студенттерінің қатысуымен осы аталған шараны орындап келе жатырмыз. Жыл сайын колледж жастары шығармашылық клуб санатында және өндірістік машықтану бағдарламасы бойынша нақты мәдениет пен білім ордасын бірегей бір ай бойы ұштастыра алады. Биылғы 2024 жылдың сәуір-мамыр айларында өтілген шаралар топтамасында: «Жиенқұрық», «Біз шаншар», «Қынаменде» (ұрын келу) жастардың қызығушылық пен ізденіс талабын актерлік бейімділігін, қазақтың әр салтының тәрбиелік мәнің түсінуге бағытталған жұмыстарды жалғастырды. Мұнда жоспарлы II бағытта «Туған жер» жобасының ауқымды түрде салт-дәстүрлер кешені көрініс алды. Әсіресе ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер туралы кішігірім қойылым ретінде жастар рөльдерді сомдады, тіл мен мәдениет бірлігін игеруге барлық күшін салып, Инстаграм парақшасына өзінің дербес өнерін жариялай алды. Мақаламыздың негізгі түйіні ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлеріміздің тек ғылыми жазбаларда, басылым беттерінде ғана қалдырмай күнделікті өмірде ұстанып насихатталса, өскелең ұрпаққа жан-жақты түсіндірілсе деген тілек.
Н. Кернебаева,
«Жас отау» этномәдени қоғамдық
бірлестігінің жетекшісі,
ақпараттық топтың мүшесі