Ақтас кентінде ең инабатты, өнерлі де парасатты, салт-дәстүрді дәріптеп жүрген келіндер анықталды.
Таяуда Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының сахнасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, жібек мінезді келіндер өнер көрсетті. Оған бірде-бір себеп - «Ақ шаңырақ 2012» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта жандандыру бірлестігінің мұрындық болуымен өткен «Пай-пай қазақтың келіндері-ай!» атты келіндер сайысы еді. Бес кезеңнен тұрған сайысқа бес келін қатысып, бақтарын сынап көрген.
- «Пай-пай қазақтың келіндері-ай» атты сайысын осымен үшінші рет ұйымдастырып келеміз. Сайыс кезеңінде «Ақ шаңырақ» ЭМБ-нің жас әншілері: Қазбек Бексұлтан, Таласбаева Гауһар, Самұрық Дана музыкалық сәлемдемесін жолдады. Өте керемет әсер сыйланды. Енді, алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізсек деген ойымыз бар,- деді Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева.
Сайыстың «Сәлемдесу» атты бірінші кезеңінде қатысушылар өз-өзін таныстырса, екінші «Сұрақ-жауапта» өз атында тұрғандай салт-дәстүр аясындағы сауалдарға жауап берген. Көбі асыға күтетін, әр байқаудың тұздығы болып келетін «Бесаспап» кезеңінде жан-жақтылығын, тапқырлығын көрсетіп, бойындағы таланттарын ортаға салды. Бірі ән айтып, құлақтың құрышын қандырса, енді бірі өнерімен тамсандырды. Келесі «Шеберлік» кезеңінде ине-жіппен достығы, қолөнерге деген икемділігі бағаланды. Ал «Дастарқан мәзірі» кезеңінде аспаздық шеберліктері сыналды.
Нәтижесінде барлық тапсырмалардан сүрінбей, көрермендер мен қазылар алқасы мүшелерінің көңілінен шыққан Д.Б. Карибекова «Сымбатты келін – 2024», Д.Б. Жакупова «Инабатты келін – 2024», А.А. Амангелдина «Өнерлі келін – 2024», Ж.Ж.Садыкова «Парасатты келін – 2024», Елубекова М.Б. «Дәстүрлі келін – 2024» номинацияларымен марапатталды. Барлығына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА