Қазақстан жер көлемінің үлкендігі жағынан әлемде 9-шы орында. Алайда қалада үй салатын жер жоқ, ауылда мал жаятын жер жоқ. Қазақ жерінің 95,5%-да ағаш жоқ. Қалған 4,5% жердегі ағаштың тең жартысы – сексеуіл. Қаламыз бен даламызда ағаштар ассортименті аз, декоративтілігі төмен. Аз ғана орманымызды жыл сайын алапат өрттер жалмап жатқаны тағы бар. Орманымызбен бірге арманымыз өртенуде. Ағаштың маңыздылығын көп адам білмейді немесе түбегейлі түсінбейді. Олар үшін ағаштар небары отын, тақтай, өзідігенен өсіп тұрған жай бір жасыл өсімдік. Алайда күн қатты ысытқан жағдайда жалғыз ағаштың көлеңкесіне тығылады.
Маңайларда шашылып жатқан целофан пакеттер, пластик қалдықтары экологиялық проблема емес, ол небары басқару жүйесінің нашарлығының көрінісі. Егер қоқысты сұрыптау, оны бақылау, қайта өңдеу мәселелерін жүйеге келітіріп, тәртіп пен заңды қатайтса, бұл мәселе өз шешімін табады. Ал нағыз экологиялық проблема, ол – топырақтың тозуы, судың тартылуы, қуаңшылық пен құрғақшылық.