Саран қаласында өз ісіне берік, таза маңдай термен еңбегінің берекесін көріп жүрген мықты азаматтар баршылық. Олардың бірі өз жұмысын бес саусағындай жатқа білсе, енді бірі тоқ көзінің тілін тауып жатады. Бір бойында жеті өнері бар «Сегіз қырлы, бір сырлы» жандарды да танып, естіп, біліп жатамыз. Қаламызда өз еңбегімен белгілі, сондай тұрғындардың бірі - Мұратбек Сеилов.
Мұратбек Төлегенұлы Сеилов – Ақмола облысы, Атбасар қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген. Он ағайыннан тараған туған-туысқа жанашыр бауыр.
Саран қаласына көшіп келгеніне, міне, биыл – 10 жыл болмақ. Осы уақыт аралығында өз қолтаңбасын қалдырып, еселі еңбегімен сыйлы. Өзі электрик, өзі сантехник, өзі ағаш шебері. Үлкен әулетте тәлім-тәрбие көріп ер жеткендіктен қолынан келмейтіні жоқ. 2000 жылдан бері жөндеу жұмыстарымен айналысып, бүгінде сенім білдіретін тұрақты клиенттері де жетерлік.
«Жігітке сегіз өнер де аз» демекші, Мұратбек Төлегенұлы жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан тауық, үйрек, қоян асырағанды ермек етеді. Бос уақытын пайдалы іске жұмсағанды құп көреді.
- Менің әкем зоотехник болған. Бір жағынан жастайынан мал шаруашылығымен айналысқандықтан болар, жұмыстан қашпаймыз. Қазір істеп жүрген ремонт жұмыстары да өзіме таңсық емес, - дейді кейіпкеріміз.
Мұратбек Төлегенұлының айтуынша, өзі еңбекке ерте араласқан. Бүгінде жұбайы Әсемханова Күләш Амантайқызымен бірге екі ұлды тәрбиелеп, барынша ізгілікке, мейірім мен қамқорлыққа баулу үстінде. Әрдайым адамды адам ететін адамгершілік қасиеттерді ұмытпауға шақырады. Анасының қамқоршысы, әкесінің қос қанаты да бүгінде үй шаруасына қолғабыс етіп келеді. Отанасының негізгі мамандығы қаржыгер болғанымен, бос уақытында тігін тігіп, қолөнермен айналысады. Жанұя мүшелерінің барлығы спортпен шұғылданғанды ұнатады.
- Біз үшін Саран – таза қала. Спорт үйірмелерінің дамығаны көңілді қуантады. Отбасымызбен салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Балаларым футбол ойнайды. Вокалға барады. Үйірмелерге де қатысады,- дейді Мұратбек Төлегенұлы.
Ол қысы-жазы жөндеу жұмыстарын істеп жүрсе де, отбасына да көңіл бөлуге ұмытпайды. «Еңбекпен тапқан нан тәтті», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер», «Еңбек – ширатады, өмір – үйретеді» деген ұстаныммен алға қарай жылжуда. Жөндеу жұмыстарымен айналысып жүргеніне биыл 14 жыл болмақ. Іnstagram әлеуметтік желісіндегі @remont1_saran парақшасына жүргізген жөндеу жұмыстарымен де бөлісіп тұрады. Осы уақыт аралығында мол тәжірибе жинақталып, қолының ебі де едәуір машықтанған. Ендігі, алдағы арманы да тікелей істеп жүрген жұмысымен байланысты. Сүйіп істейтін ісін әріқарай өркендетіп, кәсібін дөңгелету мақсатында қажырлы еңбек үстінде жүр.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА