Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Өзінің шығармашылығының басым бөлігін еңбек пен оқу-біліммен ұштастырған қазақтың бас ақыны, хакім Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте «Жаңашылдық – табысты жұмыстың кепілі» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. 

Заман талабына сай оқыту ортасын құру арқылы мектеп оқушыларының қазіргі өмірге қажетті дағдылар мен қабілеттерін ашу, жаңа заманға бейімделген азамат қалыптастыру мақсатында өткен семинардың жоспары да мазмұнды болды. Мектепке кірген бетте қабырғада ілініп-тұрған стендтерден бастап, әр сыныптың  дайындығы, әр педагогтің жұмысы пысықталды.

 Шараға қатысқан  Саран қаласының білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың ОӘО әдіскері Гульнария Толеубаева, «Қазақстан Республикасының білім саласының үздігі», профессор, техника ғылымдарының докторы, ардагер ұстаз Сабит Контаев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ және облыс мұғалімдері білім орданың білім беру жүйесімен тереңнен танысып, тіпті, дара шәкірттердің туындыларын көрді.

-              Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте осындай ауқымды семинар ұйымдастырып отырған, ең бірінші, Саран қаласының білім бөліміне және өз тәжірибесін көрсетейін деп отырған осы мектептің ұжымына алғысымызды айтамыз, - дей келе Қарағанды облысында білім беруді дамытудың ОӘО әдіскері Гульнария Толеубаева білім беру саласының мән-маңыздылығын ескере отырып, «Қазақстан халқына» қорына  тоқталғанды жөн көрді.

Себебі, осыдан бір жыл бұрын «Қазақстан халқына» қоры Абай атындағы жалпы білім беретін мектепті қажетті материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз еткен. Семинарда мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Асия Жолдасбаева осы қордың  - «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында мектепте 20 оқу кабинетімен бірге  қосымша білім беру кабинеттері жабдықталғанын, роботехника, арт-студия, оқушыларға арналған телестудия,  музыкалық аспаптар, жарық диотты экранмен, сахнамен және жаңа үлгідегі жабдықтармен жасақталғанын айтты. Одан бөлек, қазіргі таңда сұранысқа ие логопед кабинеті де ашылып, психолог кабинеттері мен кітапхана, спортзал, асхананың іші жаңартылған. Осындай шамалы уақытта атқарылған тың жұмыстардың жемісін де педагогтер бүгінде байқап, бақылап, білім алушылар арасындағы қызығушылықтың артқаны, ынталарының көбейгеніне өздері де көз жеткізіп отыр.

Семинар қонақтары мектептегі жобалар мен үйірмелердің жұмысы жайында қысқаша мағлұматпен танысқаннан кейін, «SMART BALA» жобасы аясында оқушылардың стартап идеяларын тыңдап, ел экономикасы мен экологолиясын жақсартуға бағытталған жобаларға шолу жасады. Сондай жобалардың бірі – «Эко және Smart city. Болашақтың  қалалары». Оны  7 «Б» сыныптың оқушысы Ерланқызы Айгерім  пластиктерді пайданала отырып, ұстазымен бірге бір жыл көлемінде істеген. 

-              Саран қаласын – осы Smart city, ақылды қалалардың қатарынан көргіміз келеді. Соған байланысты, қаланың жалпы инфрақұрылымына сарқылмайтын табиғи ресурс: жел, күн энергиясы арқылы халықты жарықпен қамтамасыз ету. Бұл жобаның нәтижесінде – экология таза, көмірқышқыл газдарындағы улы заттар азаяды. Үшіншіден, халықтың әлеуметтік жағдайында жарықтың бағасы  экономикалық және нарықтағы бағалардан айырмашылығы – халыққа тиімді болады, - деді Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің география пәнінің мұғалімі Бактияр Зейнетуллина.   

Сондай-ақ, «Ақылды үй», «Мектептегі қалдық заттарды өндеп шығаратын зауыт»,  «Қышқыл жаңбыр және оның экологияға әсері», «Жүрек қантамырлар жүйесі», «Игілік би мазары», «Кәде сый дайындау», «Электр қуаты - тіршілік көзі», «Лимонның таңғажайып қасиеттері» атты ғылыми жобалар да тамашаланды.  Балалардың қуана-қуана қатысатын үйірмелер жәрмеңкесі де назардан тыс қалмады. Қонақтарға «Шахмат», «Арт-студия», «Асыл оймақ», «Тоғызқұмалақ», «Бес тас», «Асыл домбыра», «Телестудия» үйірмелерінің жұмыстары көрсетілді.   Тек осымен ғана шектелмей, семинардың «Мектептегі оқу пәндерінің интеграциясына шолу» атты екінші бөлімінде «Физикалық есептерді шығаруда математикалық формулалар мен әдістердің қолданылуы», «Судың қасиеті», «Заттар қандай болады?», «Атмосфера - Жердің ауа қабаты» атты кіріктірілген ықшам-сабақтар өткізіліп, «Физика сабағында оқушылардың практикалық дағдыларын дамыту» мен «Биология сабақтарында оқушылардың практикалық дағдыларын дамыту жолдары» атты шебер-сыныптар өткен.  Ең соңында семинар қонақтары өз бағаларын беріп, ризашылығын жеткізді. Әр сабақтан соң желіде бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Padlet» виртуалды тақтасының көмегімен бағалап, сол жерге тілектерін де, алған әсерлерін де жазып отырған.

Жарты күнге созылған ауқымды семинардан кейін, Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі директорының м.а. Гүлден Серикова: «Семинардың жоғары деңгейде өтуіне аянбай бір кісідей күш салған барлық әріптестеріме, мектеп ұжымына, мектеп әкімшілігіне зор алғысымды білдіремін. Жарайсыздар! Бірлігі мен тірлігі жарасқан мықты ұжым екенімізді дәлелдей білдіңіздер. Еңбектеріңіз жаңа берсін!», - деп шараның сәтті өтуіне күн-түн демей еңбек еткен, барлық пелагогтерге деген риясыз алғысын жеткізіп, әріптестеріне рақметін айтып, жігерлендіре түсті.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА