Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында қысқы кезеңге дайындық шеңберінде 21 қарашада халықты және аумақты төтенше жағдайлардан қорғауды ұйымдастыру бойынша Саран қаласы әкімінің орынбасары Рустем Рысқалиұлының басшылығымен «Қыс – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Шара аясында қыс кезінде болуы мүмкін кез келген қауіптің алдын алып, тұрғындарға дер уақытында көмек көрсету үшін бірнеше қызмет түрі бірлесе жұмыс істеді.

112-төтенше жағдайлар департаментінің Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің телефон нөміріне «12 БИС» жеке тұрған қазандықта жылыту қазандығының технологиялық процесінің бұзылуына және салқындатудың жеткіліксіздігіне байланысты температураны бақылау жүйесінде ақаулық орын алып, нәтижесінде бір адам күйік алды деген хабарлама келді. Мамандар бірден оқиға орнына аттанды. Сондай-ақ, жылумен жабдықтауды тұрақтандыру үшін апат орнына аумақтық ішкі жүйенің күштері мен техникалары жіберілді. Себебі қазандықтың істен шығуына байланысты 3 тұрғын үйдің 120 абоненті, 5 әкімшілік және 4 сауда нысаны жылусыз қалды. Уақытында жеткен жедел жәрдем қызметі термиялық күйік алған азаматқа алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді. Мұның бәрі де оқу-жаттығу барысына жоспарланған кезекті жаттығудың бірі еді.

Республика бойынша 21-22 қараша күндері аралығында «Қыс-2024» РКШО шеңберінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Дәл мұндай жаттығулар Саран қаласында да өтті.

Оған Саран қаласы әкімінің орынбасары Рустем Рысқалиұлы қатысып, «Қысқы кезеңде төтенше жағдайлар қаупі төнген және туындаған кезде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу» атты тақырыбында ұйымдастырылған оқу-жаттығуда мамандардың дайындығын пысықтады.

Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі жыл сайын айтып келмейтін апаттық жағдайларға дайын болу үшін оқу-жаттығу жұмыстарын өткізіп тұрады. 21 қараша күні «12 БИС» қазандықта болған оқу-жаттығу шараларын да басынан-аяғына дейін сапалы әрі дер уақытында көмек көрсетілуін қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко өзі қадағалап, басы-қасында жүрді.  Сол күні төтенше жағдайлар бөлімінен бастап, өрт сөндіру, полиция бөлімдері, коммуналдық-техникалық, медициналық, байланыс, энергетика, сауда, тамақтану және ЖЖМ қызметтерін алып қосқанда бас-аяғы  40 адам мен 13 бірлік техника жұмылдырылды.

Жоспарға сәйкес «Қыс – 2024» республикалық командалық - штабтық оқу-жаттығулары екі күнге созылған.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА