26 қараша күні қалалық мәдениет үйінде «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» ҚБ атқарушы директоры Серік Санаубаев, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессор, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, әдебиеттанушы, сыншы Жандос Смагулов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық - ағарту пулының мүшесі, саясаттанушы Серік Мустафин мен қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаевтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Бұл шараның басты арқауы – алаяқтар мен қаржы пирамидалардан сақтану. Осы тақырып төңірегінде қатысушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Жандос Смагулов «Адам адамға қасқыр» деген принципті негізге ала отырып, әр адам қаржылық, цифрлық, ақпараттық тұрғыдан сауатты болу керектігін тілге тиек етті. Әрі ешқашан «Аз уақытта көп ақша беремін» деген жалған сөздерге сенбеуге шақырды. Заман дамыған сайын алаяқтардың да әдіс-тәсілдері өзгеретінін және хакім Абайдың адамның екі мінезбен туатыны жайлы жазып кеткен жетінші қара сөзін мысалға ала отырып, жақсы мен жаманды айыра білу керектігін айтты.
«Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» ҚБ атқарушы директоры Серік Санаубаев та осы тұрғыда өз ойын білдіріп, лудомания, клептомания, қаржы пирамидалар - әр адамды толғандыратын мәселе екендігін жеткізді. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде қозғалған тақырып өзекті болғандықтан қатысушылар тарапынан да бірқатар сұрақтар қойылып, оларға тиісінше жауаптар қайтарылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА