Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы Iшкі істер министрлігінің бастамасымен «Мамандығы бойынша үздік» республикалық байқауында Саран қаласы полиция бөлімінде патрульдік полицияның қызмет инспекторы, аға лейтенанты Ұлан Молдабаев жүлделі  3-орынға ие болды.

Саран қаласының полиция қызметкері Ұлан Дулатұлы республикалық байқауға бірінші рет қатысып, Қарағанды облысының атынан шығып, өзін жоғары деңгейде көрсетіп қана қоймай, көптің үмітін ақтай білді. Қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолында жүрген аға лейтенант тек антына адал ғана емес, өз жанұясының қамқоршысы, жарының тірегі, балаларының асқар таудай әкесі. Халық игілігі үшін тәулік бойы жұмыста болса да, әр күні екінші күнге ұқсамаса да, отбасының береке-бірлігін сақтап отырған асыл жары мен балалары әрдайым қолдауын көрсетіп, тілеуін тілеп отырады. Себебі ел қорғаны деген атақты абыройды арқалап жүру оңай емес екенін олар жақсы түсінеді.

Таяуда күнде ел тыныштығын ойлап жүретін, жұмыс уақытының тығыздығына қарамастан, ауқымды бәйгеден сүрінбей олжалы болып оралған жерлесімізбен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Ұлан Дулатұлы, тағы да марапатыңыз құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасаңыз, қайда туып, қайда білім алдыңыз? 

-              Көп рақмет. Мен 1993 жылы 8 қазанда Қарағанды обласы Осакаровка ауданы Молодежный кентінде дүниеге келдім. 2011 жылы Молодежный кентінің №23 орта мектебін тәмамдап, кейін Қарағанды жоғары  политехникалық колледжге «Жол көлік қозғалысын ұйымдастыру мен тасымалдау» мамандығына түстім. 2014-2015 жылдары әскерге барып, Отан алдындағы борышымды атқардым.

Сонда, «Полиция қызметкері боламын» деген шешімді оқу оқып жүргенде  қабылдадыңыз ба?

-              Солай деуге де келеді. Қарағанды жоғары политехникалық колледжге түскенде «Полиция қызметкері боламын» деп армандадым. Негізі, бұл қызметке әркімнің келу тарихы әртүрлі. Бірі әке жолын қуып келсе, енді бірі үлкендердің кеңесін тыңдап келеді. Алайда бәрімізді ортақ бір дүние біріктіреді. Ол – адамдарға қорған болу ниетіміз. Мені де осы ниет полиция қызметкері болуға жетеледі. Ішкі істер органында, ең бірінші, 2016 жылы Осакаровка ауданының полиция бөлімінен бастадым. Уақытша ұстау изоляторында сержанттық лауазымда  жұмыс істедім. Одан кейін ол жақта, жарты жыл жұмыс істеп Саран қаласының полиция бөліміне ауыстым. Бұл жерде де уақытша ұстау изоляторында 3 жыл жұмыс істеп, кейін 2019 жылы желтоқтан айында патрульдік полицияның қызмет инспекторы лауазымына ауысып, осы күнге  дейін қызмет етіп келемін.

«Мамандығы бойынша үздік» республикалық байқауда учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері мен патрульдік полицейлер өзара бақ сынап, араларыңыздан үздіктер анықталғанын білеміз. Барлығы да сақадай сай дайындалған шығар. Ал сіз қалай дайындалдыңыз.

-              Бізде ең бірінші видеопрезентация болды. Яғни, бейне арқылы өзімізді таныстыру.  Одан кейін эссе жаздық. Үшінші этапта тестілеуден сүрінбей өтуіміз керек болды. Сондай-ақ, ситуациялық міндеттерді шешуге және  алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларымызды да көрсеттік. Әрі атыс ату мен физикалық дайындығымыз сыналды.  Бас-аяғы 7 этаптан құралды. Негізі байқаудың іріктеу кезеңі мамыр айында болып, онда Қарағанды облысы бойынша әр бөлімнің патрульдік полиция инспекторлары қатысқан, сонда жеңіске жетіп, республикалық деңгейге жолдама алдым.

Ал енді іріктеу кезеңі артта қалып, салтанатты шараның марапаттау сәтінде  болғанда қандай әсерде болдыңыз?

-              Онда шыққан, жалпы осы байқауға қатысқан барлық азаматтар ең алдымен менің әріптестерім. Мен олардың әрбірі үшін қуанамын. Өздеріңіз де білесіздер, біздің жұмыс оңай емес. Күнде не болатынын, бізді алда не күтетінін білмейміз. Бар ойымыз – ҚР адал қызмет ету мен адамдардың тыныштығын сақтау, жол ережелерінің сақталуын қадағалау. Өзім, ешқашан, марапат үшін жұмыс істемегенмін.  Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу, көмек көрсету – мен үшін осы маңызды. Осы жұмысты өзім армандап таңдағаннан кейін абыроймен атқарғым келеді. Марапаттау сәтінде еңбегімнің еленгеніне риза болдым.

Өте дұрыс айтыңыз! Биыл Саран қаласына 70 жыл болмақ. Мерейлі мерейтойға орай өзіңізден тілек болса...

-              Саран қаласы – әрдайым гүлденіп, өркендей берсін. Өзімізге ыстық қалалардың бірі. Жалпы, осында тұрып жатқан әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Халқымыз аман, аспанымыз ашық болсын.

Ұлан Дулатұлы, уақытыңызды бөліп, бізге сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Жұмысыңызға толағай табыстар тілейміз. Ел іргесі бүтін, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА