Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Құрметті Отандастар!

Назарларыңызға діни нанымдағы зайырлылық еркіндігі тақырыбын ұсынбақпыз. Халқының рухы жоғары үлкен мемлекет қай уақытта болмасын елін дамытуға қауқары бар. «Жоғары руханият» ұғымының да дін саласына қатысты тұстары бар. Қазақ халқы ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Аталған рухани құндылықтарды тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығармашылық қабілет, өнерпаздық, ізденгіштік қасиеттер толықтырды. Өнердің сан саласы сөз өнері, саз өнері, қол өнері, сәулет өнері туған топырағымызда өркендей дамыды. Далалық дүниетанымның сан-ғасырлық сүзгісінен өтіп, мәңгілік құндылықтарға негізделген дана дәстүрлер қалыптасты. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары дүниежүзілік ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, соңғы жүз жылдықтар қазақ ғылымы мен мәдениетін қарыштап дамытты. Ал тәуелсіздіктен кейінгі кезең өркениетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетістіктер ұлт дүниетанымында орныққан рухани құндылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады. Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Оның екі үдеріске бірдей сұранысы бар. Зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді. Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зайырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп ұғынылғаны абзал. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі - рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн.Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық  жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн. Ал, дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға ұмтылады.

Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. Жалпы, «зайырылылық» қағидатына сүйене отырып, кез келген адам өзінің ата дінін қорғай алады және оны дамытуға мүмкіндігі бар. Сонықтан, Қазақстандағы зайырлылық – демократиялық болашаққа алып баратын төте жол екенін әрбіріміз жіті түсінуіміз керек! Өздеріңізге мәлім, зайырлылық негізіне құрылған мемлекет басқару принципі бүгінгі таңдағы көпконфессионалды және полиэтникалы мемлекетіміздегі бірегей модель екенін түсінуіміз керек. Қазақстан әлем бойынша зайырлы мемлекет ретінде танылады. Елімізде әр түрлі дін өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарымыздың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуіне жол бермеу. Сондықтан, оларға мұны түсіндіріп, дұрыс бағдар көрсетуіміз әр азаматтың парызы боп саналады. Діндер мен дін өкілдеріне қатысты да мемлекет өз тарапына шектеулер алады.  Мысалы, діни ұйымдардың іс-әрекетінде заң бұзушылық байқалмаған жағдайда олардың өзіндік діни тәжірибесіне араласпау. Зайырлы мемлекет барлық діндерге, дін  сенушілеріне заң шеңберінде еркін қызметтері мен діни сенімін ұстануға мүмкіндік береді. Айта кетсек, зайырлы мемлекетте әркімнің өз бостандығы мен діни сенімі  өз еріктерінде болғанымен, бұл ұғымды жат діни ағымдардың, радикалды жат идеологияның таралу мақсатында пайдалану дегенді білдірмейді. Қазіргі таңда радикалды идеяларды таратушылар ел тұрғындарының және әлеуметтік желіні есепсіз қолданушылардың діни сауатының төмендігін пайдаланып отыр. Яғни, бұл дінді ұстану өз еріктерінде болғанымен, діни жат ағымның өріс алуы дегенді білдірмейді. Конституциямызда көрсетілгендей,  басты байлығымыз - азаматтардың «зайырлылық»  ұғымында діни наным сенімдеріне құрметпен қарау және де өз құқықтарын сақтай отыра, діндегі адасушылықты болдырмау. Қорытындылай келе, зайырлы мемлекет кез-келген дінге әртүрлі көзқараста қарайды. Демек, білгілі бір дінге ешқандай басымдық берілмейді. Қазақстан Республикасында ресми дін болмайды және де мемлекет қандай да бір дінге тәуелділік бермейді.Азаматтар діни сенімдеріне қарамастан тең құқылы. Және де Қазақстан халқының рухани мұрасымен, діндердің мәдени және де тарихи құндылығымен қатар, конфессияаралық келісімнің маңыздылығын және де діни төзімділікті, азаматтардың өз діни сенімдерін құрметтейді. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы өзін демократиялы және зайырлы мемлекет екендігін орнықтыра отыра,  азаматтардың дінді ұстану, ұстанбауы өз құқық еріктерінде болып келеді. Зайырлы мемлекет заңдағы діни сенім бостандығы мен ар-ождан бостандығы негізінде жүзеге асады.

Н. Кернебаева,

«Жас отау» ЭМҚБ жетекшісі