Саранда қала мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлерінде медиативтік тәсілді қолдану дағдыларын дамыту бойынша семинар-тренинг өтті. Онда күнделікті жағдайларда кездесетін түрлі даулар мен жанжалдардың алдын алу мен тиімді әдіс-тәсілдері туралы толыққанды мағлұматтар берілді.
Жоғарыда аталған тақырып бойынша 27 қарашада Қарағанды облысы кәсіподақ орталығының татуластыру бөлімінің басшысы, «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің президенті, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор, сертификатталған жаттықтырушы, конфликтолог Света Шардарбекова мен «ҚР қызыл жарты ай қоғамы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының директоры, «Жақсылық әлемі» ҚБ жобаларының негізгі үйлестірушісі, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі, қоғам қайраткері, жаттықтырушы-медиатор Татьяна Абрамова Саран қаласында семинар-тренинг өткізді.
Күнделікті өмірде адам баласы түрлі жағдаяттарға тап болады. Сондай сәттерде дұрыс ақпаратты түсінікті етіп жеткізе білуді бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Осы тұрғыда семинар-тренингте қызметкерлерге ойын жинақтауға, тек қызмет бабында ғана емес өмірде де пайдалы болатын бірқатар кеңестер берілді. Отбасылық құндылықтардан бастап, адамның қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениеттілігіне ерекше назар аударылды.
Фильмдер мен мысалдарды келтіре отыра, сөйлеу мәдениетіндегі ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы мен шынайылығы, көркемдігі кеңінен қозғалды. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, көпшілік орындарда өзін ұстау әдебі, адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар жайлы да айтылды. Сондай-ақ, медиативтік тәсілдердің дағдылары, оның қолдану аясы және түрлері мен негіздері кеңінен талқыланды.
Тәлімі мол, айтары көп семинар-тренингте әрбірі өзіне керек мағлұматты алып, өз ойларын ортаға салды. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА