29 қараша күні қалалық мәдениет үйінде пробация есебіндегі азаматтар арасында шахмат пен дойбыдан спорттық іс-шара өткізілді.
Турнирге Саран қаласының прокуратурасының прокуроры Жарқын Төлеуқадыров, қалалық пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы Дайана Байбахтина мен қала депутаты Евгений Хисметов қатысты.
- Бізде спорттық іс-шаралар тоқсан сайын өткізіледі. Оның басты мақсаты - сотталғандар арасында спорттық рухты қолдау болып табылады. Шахматтан басқа жыл сайын футболдан, баскетболдан, үстел теннисінен және тағы басқа да жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. Одан бөлек игі шараларға аса мән береміз. Мәселен, қаламыздағы отбасын қолдау орталығымен бірлесе қайырымдылық акциясын жасаймыз. Жақында «Сен жалғыз емессің» атты акциясы өткізілді. Онда Саран қаласының жергілікті атқарушы органдарымен, мансап орталығымен және орталық ауруханамен бірлесе сотталған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді, - деді қалалық пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы Дайана Байбахтина.
Турнир барысында қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, әр ойында жеңіске жету үшін барын салған. Саран қаласының пробация қызметі, прокуратура және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өткізген спортық шараның нәтижесінде барлық қатысушылар грамоталармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА