Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Көп балалы  ана Саран қаласында халал, таза сиыр етінен жасалатын жартылай дайын өнімдерін сату арқылы – бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.  Оның тағамдарына деген сұраныс күннен-күнге артуда.

Жадыра Өмірзаққызы Жарылғапова – көп балалы ана. Өзінің еңбекқорлығының, қайсар мінезінің арқасында күнделікті істеп жүрген ісін қазіргі таңда кәсіпке айналдырып, көптеген қыз-келіншектің қолын ұзартты, әрі жұмысын жеңілдете түсті. Себебі, оның қолынан шыққан жартылай дайын өнімдері санаулы уақыт ішінде дәмі тіл үйіретін түскі және кешкі асқа әзірлейтін таптырмас тағам түрлері бола алады. Бүгінде кәсібінің өрге басуы да таза еңбектің арқасы.

-              Мен Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Тоқтар Әубакіров ауылының тумасымын. Көпбалалы отбасыдан шыққанмын. Негізі, 9-сыныптан кейін Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжді «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» деген мамандығы бойынша оқып шықтым. Кейін осы мамандықты «Болашақ» университетінде жалғастырдым. Алайда бұл мамандық бойынша көп істедім деп айта алмаймын. Көп жылдар бойы өзімді іздедім десем де болады, - деп атап өтті кейіпкеріміз.

Ол өзінің негізгі мамандығы бойынша бір жыл,   «Фармация 2020» серіктестігінде 7 жыл, Қарағандыдағы супермаркеттердің кассасында кассир болып та, Саран қаласының  қазпоштасында оператор болып та жұмыс істеген. Тіпті, төртінші баласына аяғы ауыр кезде жартылай дайын өнімдер мен ет сататын дүкенде жалдамалы жұмыскер ретінде еңбек еткен тәжірибесі де бар.

-              Мен ұстанатын 3 қағида: ешкімнің ала жібін аттамау, өтірік айтпау және еңбекқорлық. Өзім ешқашан қиын болсын, оңай болсын жұмыстан қашпағанмын. Отбасымда балаларыма да сондай тәрбие беремін. Адал жолмен еңбек атқарып, адал еңбектің нанын жегеніне не жетсін!? Жалдамалы жұмыскер болып жұмыс істеген уақытта Саран қаласында жартылай дайын өнімдерін жасайтын жерлер аз екендігіне көзім жетті.  Сонда халал өнімдерін шығару ой келді. Төртінші баламды босанып, балам екі-үш ай боп өсіп қалған кезде TikTok желісінен  мемлекеттік бағдарлама жайлы, көпбалалы отбасыларға бизнес бастауға грант барын естіп, оны толықтай өзім зерттеп, қай жерде толтыру, өтініш беру керек екенін түсініп, кейін «Еңбек» қосымшасын жүктеп, өтініш тастап, грантқа қатыстым, - деді Жадыра Өмірзаққызы.

Көп балалы ана ақпан айында қалалық мансап орталығына жүгініп, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өз ісін дамытуға арналған бизнес-жоспарын құрып, оны қолындағы сәбиімен бірге сәтті қорғап шығады. Ештеңеге қарамастан, алдына нық қойған мақсаттың нәтижесінде грантқа ие болды.

Бүгінде оның тұшпаралары мен мантылары үлкен сұранысқа ие. Еттің жаймасынан бастап, үй кеспесі, котлеттер мен  варениктер, чебуректер мен cүзбелі құй мақтарға дейін және тағы басқа көптеген дәмді жартылай дайын өнімдерді жасайды. Оның жұмысымен инстаграм әлеуметтік желісіндегі «@ui_tagamdary.saran» парақшасына кіріп,  танысуға болады. 

-              Біздің жартылай дайын өнімдеріміз таза сиыр етінен, ешқандай қоспасыз таза өнімнен жасалған. Біздің ерекшелігіміз де халал тағамдарымызда деп білеміз.  Олардың сапасына  аса мән береміз. Себебі, сапасы жақсы дүниеге әрдайым сұраныс жоғары деп білемін. Бір алған адам қайта сол тағамды алуға келетіндей етіп жасаймыз. Тағам түрлері көп болғандықтан бір адамға оны жасау әрине үлкен салмақ. Жартылай дайын өнімдерді бұл саладан хабары бар өзімнің құрбым, әрі көршім, ол да көпбалалы ана Перизат Ильмеева екеуміз біріге, жұмыла отырып жасаймыз. Әзірге, екеуміздің де кенже балаларымыз кішкентай. Алайда болашаққа деген арман-мақсатымыз көп, - дейді кәсіп иесі.

Сатып алушыларға деген жеңілдіктер де қарастырылған.  Үш келіден жоғары тапсырыс берген жағдайда - жеткізу тегін.  Жартылай дайын өнімдердің бағасы да Қарағандыдағы дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

Келешекте кәсіп иелері жартылай дайын өнімдерді шығаратын цех ашуды көздеп отыр. Жалдамалы жұмыскерлерді алуды да жоспарлап жүр. Қазіргі таңда жанұялық бизнестің кірпіші күннен-күнге қаланып, арман-мұратқа жету жолында.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА