3 желтоқсанда алаяқтардың арбауына түсіп қалған Саран қаласының тұрғыны қаламыздағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Абайлаңыз, алаяқтар!» тақырыбында кездесу өткізіп, өз басынан өткен оқиғасымен бөлісті.
Александр Петрович – алаяқтардың құрбаны болды. Оның мойнына алаяқтар жалпы 5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеуге үлгерген. Дәл мұндай жағдайға басқа адамдар түсіп қалмау мақсатында қала тұрғыны өзінің жеке тәжірибесімен бөлісті. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, әрі қандай сақтық шараларын сақтану қажеттілігін айтып, алаяқтардың жұмыс істейтін іс-әрекеттерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Кездесуге қатысқан қалалық белсенді өмір сүру орталығының директоры Вячеслав Стецко да бүгінде өзекті тақырыптардың бірі болып тұрған – алаяқтық жайлы жалпы ақпарат бере отыра, «Сақтықта қорлық жоқ», - деп, кез келген жағдайда қырағылықты жоғалтпау керектігін жеткізді.
Қазір алаяқтар жасанды интеллекті пайдалану арқылы адамның дауысы мен сөйлеу мәнерінің дәлме-дәл көшірмесін жасауға кіріскен. Сол себепті таныс адамдардан келген күмән ұялататын хабарламадан, WhatsApp, Telegram және басқа да мессенджерлерге келіп түскен күмәнді сілтемелерден де сақ болу керек. Бейтаныс адамдарға дербес деректер мен жеке басты растайтын құжаттарға қатысты мағлұматтарды, құпиясөздер мен логиндер туралы мәліметтерді беруге болмайды. Себебі, заман дамыған сайын, алаяқтардың адамдарды алдау амалдары да көбейіп келеді. Кездесу барысында осы мәселелер кең талқыға түсті.
- Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында алаяқтыққа қатысты айына екі рет ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Сақтық шаралары да айтылып та тұрады. Сондай-ақ, отбасын қолдау орталығында заңгерлер жұмыс істейді. Бәрімен тығыз байланыстамыз, - деді қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Бибігүл Стецко.
Әрі бүгінде белең алып бара жатқан интернет-алаяқтық мәселесі төңірегінде біршама кеңестер берілді. Қатысушыларға бұл тақырып таңсық болмағандықтан өз ойларын ортаға салып, бастарынан кешкен, кезінде тап болған оқиғаларымен бөлісті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА