Бүгін: 21.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ұлан байтақ қазақ жері көпэтносты, көпконфессиялы және бірнеше мәдениеттер, бірнеше тілдер тоғысқан мемлекет екені баршамызға мәлім. Елімізде жүзден астам тіл мен әртүрлі діндер үндесіп толеранттықтың арқасында еліміз татулықта, ауызбіршілік пен ынтымақта дамып келеді. Толеранттық ұғымның негізі, ол-сыпайылық, төзімділік, әлем мәдениетінің алуан түрлілігін кұрметтеу, дұрыс түсіну. Толеранттық түсінігіне қазақтық сабырлық ұғымы дәл келеді деп ойлаймыз. Қазақ: «Сабыр түбі – сары алтын», - дейді ғой. Толеранттық бұл конфессияаралық және этносаралық қатынастардың тұрақтылығын реттеудің маңызды факторы.

Діндер арасындағы татулық пен келісім, адамдардың рухани баюына, кұндылықтарымыздың салтанат құруына негіз болып келеді. Осы арайда Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақстандықтардың рухани бірлігін, халықтар достығы мен ұлтаралық татулықты, түсіністікті арттырып, толеранттыққа бастау жолдарын жауапкершілікпен іске асырып келеді.

Конфессияаралық және этносаралық түсіністіктер пайда болған жағдайда жастардың арасында толеранттық сезімдер де пайда бола бастайды.

Жалпы толеранттыққа тәрбиелеуді ата-ана отбасынан бастағаны дұрыс. Біреудің намысына келетін сөздерді айтпауға, жанында жүрген досыңңың кемшілігіне төзімділікпен қарауға, досыңның тілін құрметтеуге, балағат сөздер қолданбауға, басқа ұлттардың тарихына, салт-дәстүріне, тіліне, дініне құрметпен қарауға тәрбиелеу қажет.

Дінде де осы қасиеттер көрсетілген, сондықтан имандылықпен, парасаттылық, тектілік пен зиялылық –  ұлттар мен ұлыстар қақтығысын болдырмаудың басты құралы. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері басқосқанда бір ғана діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті мәселелер талқыланады.

Толеранттыққа қарама-қарсы ұғым – ол төзімсіздік. Төзімсіздік таныту қазіргі заманда қоғамда да, отбасында да көрініс тауып отыр. Төзбеушілік, өз эмоциясын тізгіндей алмайтын жағдайда идеологиялық қарама – қайшылықтар, шиеленістер, отбасындағы зорлық-зомбылықтар туындайды.

Діни сезімдерге және басқа құндылықтарға деген өшпенділік, төзбеушілік түрлі соғыстарға, ұлттардың бөлінуіне әкеледі. Тіпті мемлекеттің бөлінуіне, ұлттың жойылуына  әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан толерантты мемлекет ұлттың және қазіргі заман қоғамының қауіпсіздігін ішкі тұрақтылығын, тыныштығын қамтамасыз етеді. Толерантты тәрбиелеу жастардың діни санасында жағымсыз көріністерден қорғауда профилактикалық алдын алудың әдістердің бірі.

Конфессияаралық келісім адамдардың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, барлығына мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауға негізделген. Конфессияаралық татулық еліміздің табысты дамуының кілті болып, қоғамымыздың өркендеуіне игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Гүлжан Жүсіпбекова,

Саран қалалық Аналар

кеңесінің төрағасы,

ақпараттық топтың мүшесі