Саран қаласының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шығармашалық фестиваль өз мәресіне жетті.
20 қыркүйектен бастап қалалық мәдениет үйінің сахнасында қаламыздың өнерлі ұжымдары шығармашылық концерттерін қойып келген. Олардың қатарында оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген мектеп ұжымы да бар. Олар тек ән айтып, би билеп қана қоймай балалардың зейінін аша түсетін, күрделі туындыларымен ерекшеле білген. Бас-аяғы 6 ұйым қатысты.
- Бүгінгі фестивальдің маңызы өте жоғары. Неге десеңіздер? Бұл біздің қаламыздың 70 жылдық үлкен бір мерейтойына арналып жатыр. Бұл біріншіден осы қала тұрғындарының өзінің туған өлкесіне деген, туған жеріне деген патриоттық сезімдерін көтереді және өсіп келе жатқан қаламыздың ұрпақтарына үлгі деп өз басым санаймын. Қаланың құрылған күніне байланысты, негізі, жыл сайын осындай шаралар ұйымдастырылса, бұл да бір қаладағы адамдардың өзінің тұрып жатқан қаласына деген үлесін, сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз. Енді барлық қала тұрғындарын қаламыздың 70 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Саран қаласы өсе берсін, өне берсін! Мемлекетіміздегі озық қалалардың бірі болуына шын жүректен тілектеспін, - деп ізгі тілегін білдірді Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының м.а. Гүлден Серикова.
Талай азаматтың жұлдызын жағып, өзін басқа қырынан көрсетуге мүмкіндік берген фестивальдің гала-концертінде көрермендер қауымы тағы бір мәрте өткенге көз жүгіртіп, қатысушылардың өнерін тамашалай алды. Хакім Абай айтпақшы, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Фестивальде өнер көрсеткен әр ұжымның алар орны ерек. Қойған қойылымдары, сахналық киімдері бір-бірінен асып түспесе, кем түспеді.
Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев барша жиналған қауымды Саран қаласының 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып: «Саран – бұл тарихы терең, болашағы жарқын қала. Қала кеңейіп, РТИ дамып, жаңа кәсіпорындар ашылуда, тіпті, Мемлекет басшысы Саран қаласын бірнеше рет атап өтті. Биылғы іс-шараның барлығы осы мерейтойға арналды. Үш ай бойы қаламыздың мекемелері өнерлерін, шығармашылық қабілеттерін көрсетті және бүгін біз осы фестивальдің қорытындысын шығарамыз», - дей келе талантымен, шығармашылығымен дараланған ұжымдарды марапаттады.
Бас жүлдеге – биыл 65 жылдығын тойлаған қалалық балалар өнер мектебінің ұжымы ие болды. Қалалық мәдениет үйіне 1-орын, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығына 2-орын, ал Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымына жүлделі 3-орын берілді. Сондай-ақ, №16 жалпы білім беретін мектеп пен №7 мектеп-интернатының еңбегі елеусіз қалмады. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар табысталды.
Шығармашылық фестиваль келесі жылы да өз жалғасын табатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА