Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде дәстүрлі түрде өтетін іс-шара биыл да өз жалғасын тауып, көптің ыстық ықыласына, кіршіксіз көңіліне бөленді.
Таяуда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен «Бірлік пен ынтымақ» айлығы аясында, Саран қаласының 70 жылдығына орай «Кел жастар, достық әнін шырқайық» атты XIII ұлттар мәдениетінің облыстық студенттер фестивалі өтті. Қалалық мәдениет үйінің сахнасында облыс бойынша жан-жақтан 17 колледждің дарынды студенттері келіп, өз өнерін паш еткен.
- Қайырлы күн, фестивальға қатысушылар! Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері мен ұстаздарының ұйымдастырып жатқан фестивальге, Саран қаласына қош келдіңіздер! Қазақстан – көпұлтты мемелекет. Біздің елімізде бейбітшілік болу үшін көп жағдай жасалған. Ешкім ешкімге қысым көрсетпейді. Бәріміз бір-бірімізге бірдейміз, бауыр сияқты болып кеттік. Дәстүріміз де араласып кетті. Біздің ас үйіміздегі тағамдарымыз да ұлттық орталық болып кеткен, - деп құттытау сөзінде атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темирбулатова.
Фестивальде жастар тек ән айтып, би билеп қана қоймай ұлттар арасындағы нәзік байланысты, берік достықты, сыйластық пен ынтымақты өз өнерлері арқылы жеткізе білді. Бір-біріне көрсеткен қолдаудың өзі көпті сүйіндірері сөзсіз.
Неміс ұлтының салт-дәстүрінен, корей мәдениетінің ерекшелігінен, грузияның сұлулығы мен өзбектің ырғақты әуенінен сыр шерткен мың бұрала би билеген қатысушылардың өнері сахнаны жандандыра түсті. Сол шарада орындалған патриоттық, мейірім мен мерей сыйлайтын әсем әндер көптің көңілінен орын тапқандай. Бастысы – сахнаға шыққан әр өнерпаз бірлік пен достықты дәріптеп, бір шаңырақ астындағы татулықты көрсете білді.
Шара соңында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға деген алғысын айта отырып, сертификаттар мен естелік статуэткалармен марапаттады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА