14 қаңтарда Саран қаласының мәдениет үйінде «Новогоднее эхо» атты мерекелік бағдарлама өтті. Шуақты әндер, ырғақты билер сахнаны жандандыра түсті.
Халық үрмелі оркестрі ең бірінші болып киелі сахнаның шымылдырығын ашты. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жаңа жылдық әндердің орны мүлдем бөлек. Қарағанды қаласынан арнайы келген, халықаралық фестивальдердің лауреаты Азамат Амантайдың, «Мечта» квинтетінің орындауында көптің сүйікті әндері шырқалды. «Шабыт» домбырашылардың ансамблі күй атасы Құрманғазының асыл мұраларының біріне айналған «Балбырауын» күйін тартты. «Асыл әжелер» вокалды ансамблінің өнері де тамашаланды.
«Детство» үлгілі би ансамблі, «Амадеус» би ансамблі және «Realize» көше мен заманауи би клубының бишілерінсіз ешбір кешті елестету мүмкін емес. «Сегіз қырлы-бір сырлы» бишілердің биі ерекше көңілге бөледі. «Креатив» вокалды-аспаптық ансамблінің, «Мудрость» халық қорының, «Вайнах» ансамблінің мерекелік нөмірлері де керемет көңіл сыйлады. Кештің соңында жүргізушілер: «Осы жыл отбасыларыңызға бақыт пен шаттық әкелсін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Табысқа кенеліп, тұлпардай жүйрік болайық! Ескі Жаңа жыл құтты болсын!» деген ізгі тілекпен кештің шымылдырығын жауып, 2025 жылдың берекелі болуын тіледі.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА