Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы жылды сүйінші хабардан бастады. Өткен жылы ғана 10 жылдығын атап өткен орталықтың тыңдаушысы, бүгінде «Мәміле» тілдесу клубының мүшесі Анастасия Абрамович «TilQazynaQaragandy» облыстық жобасы аясында ұйымдастырылған байқауда 1-орынға ие болып, iPhone 15-ті иеленді.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба мемлекеттік тілді дәріптеуге бағытталған. Осы жоба аясында 2024 жылы облыс көлемінде өзге ұлт өкілдері арасында байқау ұйымдастырылды. Ал оның нәтижесі таяуда ғана баян етіліп, көпті бағалы сыйлықтарымен қуанта түскен.
Қазақ тілін дамытуға сүбелі үлесін қосқан бұл байқаудың шарттары да өзгелерден ерек. Оған балалардан бастап, ересек тұрғындарға дейін қатысты. Тек 14 жасқа дейінгі қатысушылар Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м., тіл маманы, әдебиетші, ғалым Жақан Жұпар Рысқұлқызының балаларға арналған «Чипси мен шибауырсақ» шығармашылығымен танысса, 14 жастан асқан азаматтар Дулат Исабековтің «Гауһар тас» повесін оқып, осы шығармалар бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік тілде ашық диалог алаңына қатысқан.
Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы әрдайым өзінің тыңдаушыларына ерекше қолдауын білдіріп, олардың мүмкіндіктерін барынша ашуға ынталы. 2021 жылдан бері ашылған «Мәміле» тілдесу клубының мүшелері соңғы үш жылда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бұл әлбетте, ең бірінші - жүйелі жұмыстың жемісі.
- Біз қазақ тілін 2024 жылдың сәуір айынан бастап ұжыммен бірге үйрене бастадық. Қазақ тілі курсының екі кезеңіне де қатыстым. Осы байқау жайлы «Мәміле» тілдесу клубына барып жүргенде білдім. Қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нурмаханова қатысып көруге ұсыныс білдіргеннен кейін, бағымды сынап көруге бел будым - деді Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Анастасия Абрамович.
Байқау «Мәміле» тілдесу клубының мүшесіне ұмытылмас әсер сыйлаған. «Гауһар тас» кітабы көңілінен шығып, тестілеуден де сүрінбей 19 сұраққа дұрыс жауап берген. Оның айтуынша: «Мен бірінші орынды алғанымды естігенде, шыны керек, өз құлағыма өзім сенбедім. Тіпті, орын аламын деп ойлаған да жоқпын. Өзімнің өмірлік ұраным: «Тек алға! Қиындықтардан қорықпай, жаңа нәрсені меңгеруге ашық бол!». Осы ұстанымның арқасында «нар тәуекел» деп қатысқаныма қуаныштымын. Осымен тоқтап қалмай, әріқарай да «Мәміле» тілдесу клубына барып тұрамын. Мемлекеттік мекеменің қызметкерімін, мемлекеттік тілді үйренуді жалғастыратын боламын».
Саран қаласының тілдерді дамыту орталығында ересектер мен балалар арасында «Мемлекеттік тіл – мерейім», үш тілді жетік меңгерген жастар үшін «Тіл шебері», елімізде тіл туралы заң мен тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған «Ұлттық ономастика - ел айнасы» қалалық байқаулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Орталық өзінің тыңдаушыларын, байқауға қатысқан азаматтарды құр-қол жібермеген. Жүлделі орындардың иегерлеріне бағалы сыйлықтар, ақшалай сертификаттар беріп тұрады. Қалған қатысушыларға да естелік сый-сияпаттары болады.
Бастысы – тіл үйренуге деген ниет. Ниет болса, тегін түрде қазақ тілін және шет тілін меңгеруге бар жағдай жасалған. Жыл сайын өткізіп жүрген «Үздік тыңдаушы» қалалық байқауының нәтижесін көріп те, мамандардың еңбектері зая кетпегендеріне көзіміз жетуде. Себебі, орталыққа келген тыңдаушылар тек қалалық байқаулардан ғана емес облыстық жобалардың жүлдегері де атанып жүр.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА