Олардың арманы – әр баланы бақытты ету. Әр ата-анаға қолдау көрсету. Осы бағытта күн-түн демей тынбай жұмыс істеп келе жатқан «№8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылғанына ұзақ уақыт өтпесе де, бүгінде жемісті жетістіктерімен қуантуда. Мамандардың қызметіне де ата-аналар дән риза.
«Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған». Осы бір әуен жолдары жүрекке дөп басып жазылды. Әр ата-ана үшін баласының жадырап, ойнап, күлімсіреп, дидарлы жүзінен нұр төгілгенін көру бақыт. Алайда өмір болған соң қуанышымен қоса, қиындығы қатар жүреді. Соған қарамастан №9 мектеп-интернатының сол жақ бөлігінен жеке ашылған Қарағанды облысының білім басқармасының «№8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Құралай Құлмағамбетова бірлігі ұйыған ұжымымен бірге ата- аналардың сенімдерін ақтауға, көмек қолын созудан ешқашан аянып қалмаған. Әрдайым олардың әр қадамдарына бірге қуанып, қолдауын көрсетіп келеді. Таяуда инклюзивті білім беруге қатысты мағлұмат ала отырып, түзету кабинетінің бүгінгі тыныс-тіршілігін біліп қайттық.
Құралай Қалиоллақызы, сізден сұхбат алуымыздың сәті түскеніне өте қуаныштымыз. Әңгімемізді, жалпы танысу мақсатында №8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінен бастасақ.
- Мен де қуаныштымын. Біз Саран қаласында 2023 жылы Ата Заң күніне орай ашылдық. Жалпы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімделуге, мектепте оқытуға дайындау.
Қандай психологиялық-педагогикалық көмек көрсетесіздер?
- Біздің түзету кабинетімізге туғаннан 18 жасқа дейінгі психофизикалық дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. Түзете-дамыту курсына қабылданатын балалардың санаттары: көру, және есту қабілетінің, сөйлеу тілінің зақымдалуы, психикалық, ақыл-ой дамуының тежелуі, кейбір моторикалық қиындықтарымен өздігінен қозғалатын және өздігінен қозғалмайтын тірек-қимыл аппаратының бұзылуы бар, сондай-ақ зерденің зақымдалуы, эмоционалды-коммуникативті дамудың кешігуі, сөйлеудің жалпы дамымауы, 3 және 4 дәрежедегі құлақ мүкістігі және кохлеарлы импланты бар бала, қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттестіктің бұзылуы, мінез-құлықтың бұзылуы немесе қиындықтары бар, күрделі бұзылыстар және оқу, жазу және есептеудің нақты бұзылысы бар балалар.
Балаларды қалай қабылдайсыздар? Сіздерде қабылдау тәртібі бар ма?
- Біздің мекемемізге тіркелу үшін «Malahit» электронды платформасы арқылы кезекке тұру керек. Мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беруді қажет ететін балаларды түзету кабинетіне қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) қорытындысы мен ұсынымдары және ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен өтініш жазу негізінде қабылданады. Оңалту және әлеуметтік бейімдеу курсы 90 күннен 365 күнге дейінгі аралықты құрайды. Бізге келетін балалар 6 айға қабылданады. Түзете - дамыту курс мерзімі аяқталған соң, оның орнына кезекте тұрған келесі баланы қабылдаймыз. Бізден шыққан бала келесі күннен бастап, оңалту және әлеуметтік бейімдеу курсына қайта кезекке тұра алады.
Қабинеттеріңіздің іші жарық, әрі жайлы екен. Мамандар ерекше қамқорлықты талап ететін балалармен қалай жұмыс істейді? Бәлкім, осы уақыт аралығында қалыптасқан белгілі бір бағдарламаларыңыз бар шығар.
- Балалармен бізде логопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру мұғалімі, педагог-психолог, музыкалық-ырғақ мұғалімдері жұмыс жасайды. Яғни түзете-дамыту сабақтарын жүргізеді. Бізде үш педагог-зерттеуші мұғалімі, бір педагог-эксперт, үш педагог-модератор және үш жас маман жұмыс атқарады. Біздің кабинетімізде түзете-дамытушылық қолдауды ұйымдастыру түзету сабақтарының оқу жоспарымен, баланың жеке дамыту бағдарламасымен және сабақ кестесімен реттеледі. Түзете-дамыту сабақтарының күнделікті саны, ұзақтығы және реттілігі сабақ кестесінде көрсетіледі. Сабақтың ұзақтығы ерте жас (0 ден 3 жасқа дейін) – 35 минут, мектепке дейінгі жас (3 тен 7(8) жасқа дейін) – 35-45 минут, мектеп жасы 7(8) жастан 18 жасқа дейін 45 минут. Жұмыс уақытымыз 9.00-18.00-ге дейін.
Түзету кабинетінің ашылғанына бір жарым жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында қандай өзгерістер орын алды?
- Ашылғаннан бері мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беруді қажет ететін 72 бала түзете-дамыту курсына қатысып, қажетті көмекті ала алды. Қазіргі таңда бірнеше бала мектеп қабырғасында отыр, олар ортада өзін-өзі ұстауды, оқып, жазуды үйренді. Ұстаздың нұсқаулығын, тапсырмасын өз бетімен орындай алатын деңгейге жетті. Біраз бүлдіршіндердің танымдық қабілеті дамып, түсінігі қалыптасып, сөздік қоры ұлғайып, өз ойын жеткізе алатын дәрежеге жетті. Кейбір балаларда әлеуметтік бейімделу дағдылары қалыптасты. Яғни, динамикалық өсу бар. Кабинетіміздегі ұстаздар мен мамандардың көмегі зор. Өз кезегінде ата-аналар ұстаздарға, мамандарға және қызметкерлерге алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдіруде.
Сондай-ақ, әрдайым мекемемізде барлық мерекелерге байланысты іс-шаралар, спорттық эстафеталар өткізіліп тұрады. Оған жоғарыдағы балалар ата-аналарымен бірге, мүмкіншілігіне қарай, белсенді қатысып жүр. Айта кететін бір жайт, бізге келетін балаларға тәтті сыйлықтарымен қуантып, қайырымдылық жасап жүрген «Оптима» дүкен әкімшілігі, оның ішінде Александр Григорьевич мырза мен «Регион Караганда» таксиіне алғысымыз шексіз!
Қандай керемет! Қол жеткізген нәтижелеріңіз де аз емес шығар...
- Әрине! Біздің түзету кабинетіндегі балалар республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Олардың ішінде: Козлов Николай, Абзалбек Алдияр, Грекул Алексей, Кайшанова Аяна, Оңдасын Абылай, Югай Михаил республикалық «Наурыз-жыл басы» балалар суреттерінің байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Оларға жетекшілік еткен Мыскова Елена, Заблоцкая Ирина, Дюсенбина Жанар, Казиева Бақытнұр, Рамазан Асылжан сияқты ұстаздарға ұжым атынан ризашылығымызды білдіреміз. Бұған қоса, облыстық «Алые паруса» өнер марафонының би номинациясына Санархан Асылбек ұстазымыздың оқушысы Сахтаберген Айару қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді.
Сондай ақ, «Экология және жердің болашағы» республикалық байқауына қатысқан, «Қалдық заттарға екінші өмір сыйла» номинациясы бойынша Югай Михаил жетекшісі Дюсенбина Жанар және менің шәкіртім Козлов Николай жүлделі 2 және 3-орындарды иеленді. Ұстаздарымыз облыстық семинарларда іс тәжірибе алмасу мақсатында, «Жасанды интеллектті білім беру ұйымдарында қолдану әдіс тәсілдері» атты өз іс тәжірибелерімен бөлісті. Ұстаздар өз кезегінде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білімдерін ұдайы дамыту үстінде, ізденуде. Бір сөзбен айтқанда, әрдайым білімімізді жетілдіріп отырамыз.
Сондай-ақ, Саран қаласының білім бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысудамыз. Білім бөлімінің басшысы Бақтыбаев Арманның ұйымдастыруымен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналарымен инклюзивті білім беруді дамыту жұмысына орай өткізілген кездесуге қатысып, дөңгелек үстел басында атқарылып жатқан жұмыстарымыз жайында хабардар еттік. Бұған қоса, 3 қыркүйек күні балалар, ата-аналар және педагогтер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған «Менің сүйікті қалам» және «Жер бетіндегі ең үздік мамандық» атты суреттер мен қолдан жасалған бұйымдар акциясына қатысты. Ол акцияда антиядерлық қозғалыстың белсендісі, Қазақстанның әлемдегі елшісі Куюков Кәріпбек Тельтайұлымен кездесу өткізіліп, кеш соңында балаларымыз Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының дипломдарымен марапатталды.
Сіздер түзету кабинеті ашылғаннан бері тілектер кітабын жүргізе бастапсыздар. Бүгінде оның парақтары да игі тілектерге толып қалған болар?
- Иә, түзету кабинетіне көптеген қонақтар келіп кетті. 2023 жылдың 29 қыркүйегінде еліміздің игі жақсылары депутаттар: Дәулет Мұқаев, Ардақ Назаров, Нұргүл Тау жұмыс сапарымен біздің өлкеде болып, түзету кабинетіне келіп, мамандармен, ата-аналармен сұхбаттасып, балаларға, ұжымға ізгі тілектерін білдірді. Қараша айының басында Астана қаласының №1 психологиялық – педагогикалық түзету кабинеті директоры Амрина Бахыт жұмыс сапарымен келіп, әріптестермен түзету кабинетінің ұйымдастырылуы мен қызметі туралы іс тәжірибесімен бөлісе отырып, ұжымға шығармашылық табыс тілеп, қонақ болды. 22 қарашада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жұмыс жоспарына сәйкес Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың оңалту орталықтары мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің әдіскерлері Жангелдинова Зауре, Достай Алтынай, Токарева Анна әдістемелік және консультациялық көмек көрсету мақсатында іс сапармен келіп, әдістемелік кеңес көрсетіп, бағыт-бағдар берді. 3 ақпанда өңірлерге жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сагандыкова Ажар бастаған жұмыс тобы Саран қаласында болып, бізге де ат басын тіреді. Түзету кабинетінің жұмыс барысымен танысып, ұстаздармен және мекеме қызметкерлерімен әңгімелесті, қажетті өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, барлық келген қонақтарымыз «Ізгі тілектер» кітабына өз ақ тілегін жазып, қолтаңбасын қалдыруда. Бізге келген әр қонаққа тек қуаныштымыз.
Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
- Ерте жастағы 0-ден 3 жасқа дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ата-аналар үшін айына 1-2 рет консультациялық сабақтар өткізу жоспарымызда бар.
Алдағы уақытта әріптестеріміз заманауи жаңа технологияларды қолданып, өз ісінің майталманы, түзете-дамыту жұмыстарының һас шеберлері болсын! Жаңа белестерді бағындырып, толағай табыстар мен шығармашылық жетістіктерге жете берсін.
Әлемдегі барлық балаларға бақытты балалық шақ тілеймін!
Құралай Қалиоллақызы, біз де өз тарапымыздан сіздерге зор табыс тілейміз. Еңбектеріңіз елене берсін. Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА