Халық арасындағы әуесқой әншілердің өнерін елімізге танытатын ауқымды «Кел, шырқайық!» жобасында «Шамшырақ» фольклорлық ансамблі 1-орынға ие болды.
Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығындағы «Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып салт-дәстүрін жандандыру этномәдени қоғамдық бірлестігінің «Ақ әже, аталар» вокал тобының құрамынан құралған «Шамшырақ» фольклорлық ансамблі өз өнерімен көпті тәнті етіп келеді. Жүлделі орындардан көрініп, қаланың мерейін асқақтатуда. Осы жолы да, жылды сүйінші хабардан бастап берді.
- Біз шыны керек орын аламыз деп ойлаған жоқпыз. 1-орын алғанымызды естігенде, қуаныштан көз жасымыз шығып кетті. Өте қатты әсер алдық. Сайысқа қатысқанда да қобалжу болмады емес болды. «Кел, шырқайық» бағдарламасына қатысу біздің ұжымның меценаты болған, «Ақ шаңырақтың» бағына, маңдайына біткен, құрметті азаматы - Сейтқазина Рымтай Отарқызының арманы еді. Өкінішке орай, ол жан қазір арамызда жоқ. Жатқан жері жайлы болсын. Алайда әрдайым бізге «бағдарламаға барайық» деп айтып жүретін. Сонда біз Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Кульджабаева Майра Оразгазыновнаға өтінішімізді жеткізіп, бағдарлама жайлы айтқанда, ол бізді бірден қолдап, көмегін аямады. Алғысымыз шексіз, - деп атап өтті «Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып салт-дәстүрін жандандыру этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Света Супьянова.
«Шамшырақ» фольклорлық ансамблі «Кел, шырқайық!» бағдарламасына бір ай уақыт бойы дайындалған. «Тобылғы сай» халық әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Олармен бірге сайысқа түскен Алматы мен Шымкент облысынан келген өнерпаздардың өнерін әділ қазы алқасы 29 ұпайға бағаласа, жерлестерімізге 30 ұпай берген. Сондай-ақ, көрермендер қауымынан 20 ұпай қосылып, басқа командалардан айтарлықтай суырылып алға шыққан.
«КТК» телеарнасы «Шамшырақ» командасын 1-орынмен құттықтай отырып, «Кел, шырқайық» жобасының кубогімен, дипломымен және бағалы сыйлықтарымен марапаттады. Жерлестерімізді құттықтаймыз!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА