Бүгін: 12.03.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында, Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылған «Кім мықты?» ІІI облыстық жарыс биыл да жоғары деңгейде өтті. Жүктелген үміт ақталды. Қарағанды облысынан келген колледж оқытушылары да дән риза. Алайда жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін спорттық додада кім жеңіске жетті?

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жарыстың колледж оқытушылар қауымдастығын біріктіруде, студенттік ортада салауатты өмір салтын насихаттауда алатын орны ерек.

Биыл қатысушылар спорттық шараға сақадай сай дайындалған. Олардың арасында бірыңғай форма киген, бір емес бірнеше жыл қатарынан қатысып жүрген оқытушылар да болды.

- Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылған облыстық жарысқа 21 колледж келді. Ең алысы  Шет агротехникалық колледж болса, сондай-ақ, Теміртау мен Қарағанды колледждерінен келіп қатысып жатыр. Колледж оқытушылары тоғызқұмалақтан, волейбол мен үстел теннисінен бақтарын сынады, - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темирбулатова.

Жалпы, достық атмосфераға қарамастан, екі спорт түрінен бөлек «волейбол» ойынында бәсекелестік рухы байқалды. Ешкімнің де жеңілгісі келмей, әрбірі қолда бар мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. Басынан-аяғына дейін тартысқа толы өткен бұл спорт түрінен оқытушылардың спорттық шеберлігі, ептілігі, төзімділік пен жеңіске деген жігер анық сезілді. Жанкүйерлер де, ойыншылар да зор қуат алып, жағымды эмоцияға бөленді. 

- Осы шарадан алған әсеріміз өте керемет. Себебі біз Саранға оған дейін де болғанбыз. Үстел теннисіне қатыстық.  Финалға шықтық, - деп өз әсерімен бөлісті  №1 колледждің оқытушысы, өндірістік оқыту шебері Амангелді Токушев.

- Мен өзім Қарағанды көлік-технологиялық колледжде оқытушы болып жұмыс жасаймын. Жылдан-жылға ойынның дәрежесі көтеріліп келе жатыр. Жақсы-жақсы ойыншылар шығып жатыр. Ұйымдастырушыларға көп рақмет айтамыз. Біз осы жарыс басталғалы қатысып келеміз. Волейболдан екінші орын алып келеміз, - деді Қарағанды көлік-технологиялық колледждің автокөлік жөндеу бойынша өндіріс оқыту шебері Досан Дәулетхан.

Жабылу салтанатында сөз сөйлеген «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Жұмағали Магзиев облыстық жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтсе, «Білім» жергілікті білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлия Жамбеисова да биік кәсібиліктің шыңын көрсеткен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге ризашылығын жеткізген.

Сондай-ақ, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, спартакиаданың бас төрешісі Жанбол Жаяубаев та спартакиаданың қолдаушыларына: «Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы» ҚБ, «Білім» жергілікті білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ және Саран қаласының білім бөлімі, Абай атындағы ЖББ мектепке, №17 мектеп-гимназияға демеушілік, қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді. 

Жарыстың нәтижесі бойынша үстел теннисінен №1 колледж 3-орынды, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі 2-орынды және Қарағанды техника – құрылыс колледжі жүлделі 1-орынды иеленді. «Тоғызқұмалақ» ойынында Теміртау жоғары политехникалық колледжі 3-орынды, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі 2-орынды және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі 1-орынды жеңіп алды. «Волейбол» ойынында Қарағанды жоғары политехникалық колледжі 3-орынмен, Қарағанды көлік-технологиялық колледжі 2-орынмен және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі 1-орынмен марапатталды.

Жалпы командалық есепте  Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі 1-орынға, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі 2-орынға және Теміртау жоғары политехникалық колледжі 3-орынға шықты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Білім саласына сүбелі үлесін қосып келе жатқан, бір жағынан студенттерге үлгі болып салауатты өмір салтын насихаттап жүрген оқытушыларды жеңістерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болсын!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА