Жалпы білім беретін мектептер арасында ұлттық мектеп лигасы бойынша волейболдан қалалық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары белгілі болды.
Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте және №17 білім ордасының қабырғасында өткен спорттық жарысқа 7-8 сынып оқушылары қатысқан. Жалпы қыздар арасында 6 команда болса, ұлдар арасында 8 команда бағын сынаған.
- Біздің мектепте мен және менің әріптесім Жомарт Уразбеков екеуміз осы волейбол үйірмесін жүргіземіз. Біз жылда волейболдан бірінші орын алып жүрміз. Биыл қандай орын алатынымызды білмейміз. Алайда жылда сабақтан кейін дайындаламыз. Негізі, осындай спорттық шаралар балаларды шынықтырады. Оқушылардың да қызығушылығы, құлшынысы өте күшті. Тек сабақ болатын күндері ғана емес, сенбі күні де жаттығу жасаймыз, - деді Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Перизат Парменова.
Оқушылардың жауапкершілік танытып, ойынға беріліп ойнауы көңілді қуантады. Әрбірі жақсы нәтиже көрсетуге, командалық рухты жоғалтпауға тырысқан. Алайда бұл жарыс болғандықтан, онда жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Осы жолы да Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің ұлдары мен қыздары үмітті ақтап, 1-орынға ие болды. №17 мектеп-гимназиясының қос командасы да 2-орынмен марапатталды. Тартысты өткен жарыста №16 жалпы білім беретін мектептің қыздары мен №1 мектеп-лицейінің ұлдар командасына жүлделі 3-орын бұйырды. Бірінші орынға ие болған команда облысқа жолдама алды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА